Албанияда жауын соңы тасқынға ұласты

Климаттың өзгеруінен әлемде аномальды ауа райы жиілеп, елдерге көп шығын әкелуде. Еуропаның кей елінде тағы жаңбыр селдетіп, тасқын жүрді. Ал жақында ғана Египеттің Шарм әл-Шейх қаласында бас қосқан әлем елдері жаһандық жылынумен күресу үшін қажетті нақты іс-шараларды тағы бекіте алмады. Басқосуда тек климаттың өзгеруінен зардап шегіп жатқан елдерге арнайы көмек қорын құру туралы шешім қабылдай алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су тасқынынан Еуропаның кей елдері зардап шегіп жатыр. Албанияда селдетіп жауған жаңбырдан өзендер арнасынан асып, бірнеше қаланы су басты. Жолдарды су шайып, көлік қатынасы тұралады. Мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды.

Нико Пелеши, Албания қорғаныс министрі:

Алдағы күндері жауын-шашын жиілейді деп болжап отырмыз. Лежа мен Дуррес аудандарында қайта су тақыны жүру қауіпі бар.

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУМЕН КҮРЕС

Ал жаһадық жылыну салдарына қарамастан әлем елдері мәселені шешуде ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Египеттегі конференцияда тараптар климаттың өзгеруінен жапа шеккен елдерге арнайы көмек қорын құруға ғана келісті. Бірақ жаһандық жылынумен күресуге қажетті іс-шаралар бектілмеді. Дегенмен сарапшылар қор құруды ірі жетістік деп бағалап отыр.

Чжао Инминь, ҚХР экология және қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары:

Конференцияда ежелден дамушы елдерді мазалап келген көп мәселе талқыланды. Оның ішінде климаттың өзгеруінен жапа шеккен елдерге қаржылай қолдау білдіру бар. Бұған қатысты тараптар ұзақ келіссөзден кейін арнайы қор құру туралы келісімге келді. Бұл үлкен нәтиже.

Алайда қор қаржысы жаһандық жылынудан зардап шеккен елдердің бәріне бірдей жете ме? Мысалы, биыл Пәкістанда жаңбырлы маусым кезінде 33 миллион адам зардап шегіп, 40 миллиард доллар шығын келді.

Тахир Раджа, Исламабад тұрғыны:

Климаттың өзгеруі жаһандық мәселе. Әсіресе одан дамушы елдер көп жапа шегіп отыр. Биыл елде жаңбырлы маусымнан келген шығын орасан зор. Пәкістан кедей ел. Сондықан әлем елдері оған жан-жақты көмек көрсетуі қажет. 

Ал жаһандық жылынумен күресте баламалы энергия көздерін дамыту мәселесі кей ел тұрғындарының алаңдашылығын туғызып отыр. Оңтүстік Африкада үкіметтің көмір кен орындарын жабу жоспарына наразы адамдар көп. Тұрғындар билік мұндай қадамға барса жұмыссыздық күшейіп, экономикалық дағдарыс шиеленіседі дейді.

Авторы: Дәрен Ақашұлы