Қытайды коронавирус қайта айналдырды

Қараша айында Қытайда 250 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Бір тәуірі көбінде ауру белгілері байқалмай, жеңіл өткен.

Қазір елдің көптеген өңірлерінде індет өршіп, қатер туғыза бастады. Бейжіңнің өз басында да жағдай қиын.

Бейжіңде бұқаралық шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды. Яғни көрме ұйымдастырып, көпшілікпен бірге жаттығу жасауға болмайды. Қоғамдық мекемелерде қайта бетперде тағып жүру міндеттелді. 

Ян Бэйбэй, Бейжің қаласы Чаоян ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Зерттеулер кезінде ауру көбінесе бетпердесіз жүрген адамдарға жұққанын анықтадық. Сондықтан масканы қайтаруға тура келді.

Бейжіңдегі жағдай осыдан екі жыл бұрын болған ахуалға ұқсас. Мейрамханалардың көбі тағамдарды жеткізу жүйесі арқылы жұмыс істеп жатыр. Мектептер онлайн оқытуға көшкен.  Халық күн сайын ПТР тест тапсырып әлек.    

Ху Сян, ҚХР Ауруларды бақылау басқармасының инспекторы:

- Ретсіз тексерулерге жол бермеу үшін бақылауды күшейту қажет. Елді мекендерде кеңселер мен өндірістерді негіссіз жабуға жол бермеу керек. 

Шектеу шараларына байланысты қазір әлеуметтік желілерде қызу пікірталас. Ал билік тұрғындарды аса қажет болмаса сыртқа шықпауға шақырды.

Ботагөз Сырғабаева