Чилиде орман өрті өршіп тұр

Чилиде орман өрті ырыққа көнбей тұр. Тілсіз жау елдің орталығындағы мектеп пен бірнеше тұрғын үйді тып-типыл еткен.

Өртті ауыздықтау үшін апатты аймаққа қосымша күш тартылып жатыр. Болжам бойынша жалын 3500 гектар жерге жайылған. Қазір өрт бірнеше елді-мекенге қауіп төндіріп тұр. Кей өңірлерде зардап шеккендер үшін уақытша баспана тұрғызылды. Ал мектептердегі сабақ кейінге қалдырылды. Тұрғындар қызыл жалын тез тарап жатқанын айтады. Өрттің ушығуына – аптап ыстық пен қатты жел себеп. Қазір ел астанасы Сантьягода ауа температурасы +30 градустан асып тұр.

Маурисио Тапия, ТЖ Ұлттық департаментінің басшысы:

- Ел аумағы бойынша 47 орман өрті тіркелді. Оның 11 ауыздықталды. Қалғанын бақылауда ұстап отырмыз. Жедел әрекет еткеннің арқасында бірнеше өңірді аман алып қалдық.

 АҚШ-тың бірнеше штаты қар құрсауында қалды

Ал АҚШ-тың бірнеше штаты қар құрсауында қалды. Кей өңірлерде жауған ақ ұлпаның қалыңдығы 1,5 метр-ге дейін жетеді. Синоптиктер Миннесота, Дакота мен Оңтүстік Каролина штаттарында дауыл соғуы мүмкін дейді. Болжам бойынша желдің екпіні сағатына 70 шақырым қашықтыққа дейін жетуі ықтимал. Қауіпті аймақта 10 млн-ға жуық тұрғын бар. Елдің ұлттық метеорологиялық қызметі халыққа бірнеше рет ескерту жасады.