Рождество қарсаңында Канадада боран соқты

Рождество қарсаңында Канадада боран соқты

АҚШ пен Канаданың кей аймақтарында Рождество мерекесі қарсаңында қарлы боран соғып, мейрамға дайындалған жұртты әбігерге салды.

Жапонияның батыс бөлігі ақ ұлпа құрсауында қалып, мыңдаған адам жарықсыз қалды. Ал Малайзияның шығыс жағалауында толассыз жауған жаңбырдан көп елді-мекенді су басып жатыр.

Канадада кешелі бері күні-түні жауған қардан Ванкувер әуежайы жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. 200 әуе рейсі шегіріліп, 100-ге жуығы кеш ұшты. Рождство мерекесін туған-туыстармен бірге қарсы алу үшін жолға шыққандар жапа шекті. Британиялық Колумбия провинциясының кей өңірінде қардың қалыңдығы жарты метрге жетеді. Билік ауа райының күрт суытуына байланысты тұрғындарға алыс жолға шықпай, үйде қалуға кеңес беруде. Ал синоптиктер алдағы күндері қар тағы жауып, аяз тұратынын ескертуде.  

АҚШ-тың солтүстік-батысында да қарлы боран соғып, жаңбыр жауып әуе және көлік қатынасын тұралатып тастады. Сиэтлде ауа райының күрт құбылуынан 200-ге жуық рейс тоқтап қалды. Тағы 100-ден астамы кешіктіріліп, қолайсыздық туғызған. Вашингтон мен Орегон штаттарының таулы өңірлерінде тас жолдар ақ ұлпаға көміліп қатынас қиындады. Жол апатынан бір адам көз жұмды.

Жапонияда 20 мың тұрғын жарықсыз қалды 

Жапонияның батысында да қар жапалақтап, 20 мыңнан аса адам жарықсыз қалды. Тас жолдарда кептеліс пайда болып, жүздеген көлік тұрып қалды. Фукусимаға жақын жерде бір әйел көлігінде газға уланып қайтыс болды. Қазір аймақты тазарту және электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ниигата прфектурасында ауа райының салдарымен күресу үшін әскери күштер жұмылдырылып жатыр.

Малайзияда тасқыннан мыңдаған адам зардап шекті 

Ал Малайзияның шығыс жағалауындағы бірнеше штатта шелектеп құйған жауын соңы тасқынға ұласып, ондаған мың тұрғын зардап шекті. Табиғат апатынан 5 адам опат болған. Бірнеше күн бойы жауған жаңбырдан Келантан және Теренггану штатарында елді-мекендерді су басып, 60 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар жаңбыр мөлшері 1967 жылғы рекордтық көрсеткішкке жеткенін айтады. Аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Нью-Делиді түтін басты

Үндістанда күн суыта салысымен ел астанасы Нью-Делимен тағы бірнеше қаланы түтін басты. Ауаның ластануынан 20 миллион тұрғыны бар шаһарда дәрігерлердің көмегіне жүгінген тұрғындардың саны артты. Жалпы бұл елде қыс айларында  шаһарларды көк түтін басуы үйреншікті құбылыс.  Мамандардың айтуынша, оған көліктердің көптігі мен құрылыс жұмыстары және шаруалардың қалдықтарды жағуы себеп.

Дәурен Ақашұлы