Қазақстан Пәкістанға 80 түрлі тауар жеткізуге дайын

Қазақстан Пәкістанға жалпы құны 411 млн АҚШ доллары болатын 80-ге жуық тауар түрін жеткізуге дайын.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Исламабадта өткен үкіметаралық комиссияның 11-отырысында айтты. Жиын екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық салаларын қамтыды. Қазақстандық тарап отандық экспорттаушыларға оңтүстік теңіз порттарына шығатын ең қысқа жолды қамтамасыз етуге және Оңтүстік Азия нарықтарына баратын көлік-экспорттық бағыттарды әртараптандыруға мүдделі екенін білдірді. Үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тараптар 9 құжатқа қол қойды. Оның ішінде 2023 жылдың наурыз-маусым айларында Қазақстанға жиынтық көлемі 120 мың тоннаға тең картоп жеткізу туралы алты меморандум бар.