Қырғызстанда нан өнімдері 20% қымбаттайды

Бірінші қаңтардан бастап Қырғызстанда нан өнімдері 20% қымбаттайды. Қазірдің өзінде диірмен қоймаларының көпшілігінде ұн жоқ.

Мәселені - астық импортынан «қосылған құн салығын» уақытша шектеу шешімі де реттей алмады. Енді, салық қайта салынуы тиіс. Қазақстаннан транзит мәселесі де шешілер емес.

Қырғызстан үкіметі астық импортынан «қосылған құн салығын» алып тастағалы дирмендердің жұмысы жанданды. Былтыр қыркүйекте қабылданған осы шешімнен кейін айыр қалпақты ағайындарда ұн тартатын кәсіпорындар саны 8-ден 32-ге көбейді. 1,5 жылда 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, ең бастысы - ұн мен нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыра алмады. Қырғызстанның астық нарығы импорттықа тәуелді. Сондықтан құсымша құн салығын болмауы диірменшілерге қолдау болды. Бірақ жаңа жылдан бастап жеңілдік уақыты аяқталады. Демек, нан мен ұнның бағасы өседі.

Рустам Жунушов, ұн тартушылар қауымдастығының президенті:

- Біз осы дағдарысты болдырмау үшін және 2-3 жыл ішінде шикізат базасын дамыту үшін Министрлер Кабинетіне жүгіндік. Ең бастысы бізге керегі - қайта өңдеу, саланың жұмыс істеуі, сонымен қатар оның ұлғаюы.

Алайда, отандық кәсіпорын қоймаларында астық пен ұнның қоры тапшы. Бұл елдегі жағдайды одан сайын кері тартады. Үкіметпен келісім бойынша, диірменшілердің қоймасында кемі 2 айлық резерв болуы тиіс. Алайда, Ресейден келетін тауар 30-40 күнге үнемі кешігеді. Оған себеп – Қазақстан енгізген конвенциялық шектеулер. Яғни Қырғызстанға жөнелтілген ұн мен астық Қазақстан темір жолымен, транзитпен өтетіндіктен, бұл шектеулерді қабыл алуға міндетті.   

Шыңғыз Дегенбаев, ұн тарту кәсіпорнының директоры:

- Жалпы, ұн тиелген вагон Ресейден шыққан кезде, бізге әдетте 10-15 күн ішінде келетін. Бірақ соңғы уақытта олар өте ұзаққа созыла бастады. Осылайша, негізгі легі қаңтар, ақпан айларында келеді деп топшылап отырмыз. Іс жүзінде бізде қорда бар өнім қазір бір айға жететіндей шамада.

Айта кетерлігі, конвенциялық шектеулерді Қазақстан өз теміржолында тәртіп орнату үшін уақытша енгізген. Жолдарды тазарту және ірі теміржол тораптары мен сұрыптау станцияларын қалпына келтіру үшін мезгіл-мезгілімен бұл шаралар қолданылады. Ал қырғызстандық кәсіпкерлер Үкіметтен «қосылған құн салығының» 2023 жылы да нөлдік ставкада болғанын күтіп, үміттеніп отыр.