Косово билігі қамаудағы сербтерді босатты

Косово билігі аймақтағы ахуалдың шиеленісуін бәсеңдету үшін бірнеше апта бұрын қамауға алынған этникалық сербтерді босатты.

Оның ішінде лаңкестікке барды деген айыппен тұтқындалған серб полицейі Деян Пантич те бар. Айта кететін жайт, дәл осы Пантичті тұтқындау Косовоның солтүстігіндегі этникалық сербтердің наразылығын тудырған еді. Бұдан бөлек Косово Премьер-министрі өңірдегі этникалық сербтерді мемлекеттік мекемелерде белсенді қызмет етуге шақырды.

Альбин Курти, Косово премьер-министрі:

- Мен этникалық сербтер еліміздің саяси өміріне белсенді араласып, мемлекеттік мекемелерде қызмет етсе екен деймін. Сол үшін жергілікті сербтер парламентке өз өкілдерін жібере алады. 

Косоводағы ахуал осы айдың бас кезінде қайта ушығып кетті. Оған этникалық сербтердің аймақтағы сайлауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкерлерге шабуыл жасауы түрткі болды. Жағдайды реттеу үшін Косово билігі арнайы жасақ қолданып, бірнеше серб полицейін тұтқындайды. Бұған наразылық танытқан этникалық сербтер өздері тұрған өңірге кіретін жолдарды бөгеп тастайды. Ал Сербия билігі болса Косоводағы сербтерге шабуыл жасалғалы жатыр деп шекараға әскерін шоғырландыруға кіріскен еді.