Грузияда бірқатар салада жұмыскерлер жетіспейді

Грузияда құрылыс, инженерия, қонақүй және мейрамхана бизнесінде жұмысшы тапшы.

Пандемия кезінде тұрғындардың біразы мамандығын ауыстырып, шетелге кетіп қалған. Жергілікті жұмыс берушілер бәсекеге қабілетсіз. Өйткені еуропалықтар сияқты жоғары жалақы ұсына алмайды. Мәселен, қоғамдық тамақтану саласында 4 мың адам жетіспейді. Кәсіпкерлер тіпті тәжірибесі жоқ адамдарды алуға да қарсы емес. Бірақ ондай азаматтардың өзі төмен жалақыға келіспей отыр.  

Шота Бурджанадзе, Грузия мейрамхана иелері қауымдастығының басшысы:

- Кадр тапшылығы мәселесі өршіп барады. Біздің салада 5 адамның орнына бір адам жұмыс істеп жүр. Бинесмендерде кәсібін кеңейтіп, жаңа орындар ашуға мүмкіндік бар. Алайда маман жетіспегендіктен, мұндай жоспарларды кейінге қалдыруға тура келеді.

Леван Вепхвадхе, Грузия бизнес қауымдастығының атқарушы директоры:

- Еңбек нарығындағы ахуал былтыр да күрделі болатын. Бірақ өткен жылы біз біліктілігі төмен мамандар проблемасын шешумен әлек болдық. Ал биыл жұмысшы жетіспей жатыр. Өйткені жұрт Еуропаға кетіп қалған. Өйткені онда жалақы жоғары.

Бір қызығы, Грузияда маман тапшылығымен қатар жұмыссыздық деңгейі артып барады. Өйткені екі қолға бір күрек таппай жүргендердің көбінде біліктілігі төмен. Ал бұл компания басшылығының көңілінен шықпайды. Сондықтан сарапшылар мәселені шешуде билік пен бизнес қауымдастығы күш біріктіру қажет дейді.