Ұлыбританияда ереуілдердің жаңа толқыны басталды

Осы айда автобус жүргізушілері, мұғалімдер, медбикелер және мемлекеттік қызметкерлер бас көтеріп жатыр.

Теміржолшылар бесінші күн қатарынан жұмысқа шықпай, 80 мыңға жуық пойыз тоқтап қалды. Биліктегілер олардың талаптарын орындауға асығар емес. Керісінше, ереуілге шығуға тыйым салатын жаңа заң әзірлемек.  

Апта басынан бері теміржол, теңіз және көлік кәсіподағына мүше 40 мыңға жуық қызметкер наразылықтарын білдіріп жатыр. Олар жалақыларын өсіруді және жұмыстан қысқартпауды талап етуде. Ереуілшілердің қатарына электровоз машинистері мен өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері қосылды. Тараптардың тіл табысуы қиынға соғып жатыр. Осылайша бұл апта бұрын-соңды болмаған ереуілдер толқынымен тарихқа енгелі тұр.

Мик Уилан, кәсіподақ ұйымының бас хатшысы:

- Билік партиясының ел басқарып отырғанына 12 жыл болды. Осы уақыт ішіндегі қатаң үнемдеу, экономиканың қысқаруы, өсімнің баяулауы, Брекситтің ойдағыдай жүзеге асырылмауы - бәрі, бәрі бүгінгі күнге әкеп тіреді. Сондықтан көптеген халық ереуілге шығып жатыр. Бұл жағдайды тек үкімет өзгерте алады немесе үкімет ауысуы керек.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлыбритания қымбатшылыққа байланысты ереуілдер толқынына тап болды. Инфляция 40 жылда болмаған 10,7 процентке жетіп, халықтың нақты табысы төмендеп кетті. Теміржолшылармен қатар медбикелер, жедел жәрдем жүргізушілері, пошташылар көшеге шықты. Нәтижесінде қарапайым халық зардап шегіп жатыр. 

БЛИЦ:

- Пойыздар жүрмей өткен айда 4 күн жұмысқа шықпадым. 2 сағат автобуспен жеткім келмеді.

Бұл әрине біздің өмірімізге кедергісін келтіреді. Бірақ ереуілшілерді қолдаймын.

Биліктегілер өз кезегінде мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің жалақысын көтере алмайтындықтарын бірнеше рет мәлімдеді. Көтерген жағдайда инфляция одан әрі шарықтап, бюджетке қосымша салмақ түседі дейді олар. Бұдан бөлек ереуілге шыққан маңызды мамандық иелеріне қарсы заңдарды қатаңдату жоспарланып отыр.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі /ер кісі, аударма/:

- Мен кәсіподақтардың біздің қоғамдағы рөлін және олардың наразылық білдіру құқығын құрметтеймін. Бірақ, менің ойымша, наразылықтар қарапайым халықтың өміріне айтарлықтай кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан біз өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметіндегілер ереуілдетіп, қауіпсіздігімізге кедергі келтіруін шектейтін жаңа заңдар ұсынғалы жатырмыз.

Британ қонақжайлық секторы қауымдастығының бағалауы бойынша желтоқсан айында пабтар, қонақүйлер мен мейрамханалар наразылық шараларының әсерінен 1,5 млрд стерлинг фунтынан қағылған. Ереуілдердің басқа да салаларға кесірі тиіп, жағдайдың одан әрі күрделене түсетін түрі бар. 

Ғалымжан Қараманұлы