Шанхай әуежайында халықаралық рейст қайта жанданды

Қытайда коронавирусқа қарсы барлық шектеулер алынып тасталды. Әсіресе елде алыс-беріс пен барыс-келіс қайта жанданды.

Осыған орай Шанхай әуежайы алғашқы халықаралық рейсті қабылдады. Алайда, Қытайдың бірқатар өңірлерінде жағдай әлі де қиын.

Қытайда ковидке қатысты шектеулер алынып, халықтың шетелге шығуына рұқсат етіле бастады. Сондықтан Бейжіңдегі көші-қон қызметінде өзге мемлекеттерге саяхаттамақшы болған адам қарасы көп. Әсіресе Сингапур, Таиланд және Малайзияға бағытына сұраныс жоғары. Гонконг және Макао да жақында құрлықтық Қытаймен шекарасын ашты. Бірақ  бүкіл ел аумағында ахуал дәл осындай деуге болмайды. Көп қалалар індеттен еңсесін енді тіктеп жатыр. Ал сарапшылар босаңсуға әлі ерте дейді. Себебі қытайда тойланатын бір ай жаңа жылда індет қайта ушығуы мүмкін. Себебі мереке кезінде ел ішінде миллиондаған адам сапарға шығып, індеттің ауылды жерлерге тарау қауіпі басым. Сондықтан мамандар оған қарсы тұру үшін қатердің алдын алу жүйесін қолдануды ұсынып отыр.

Не Чуньлэй, ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің өкілі:

- Жасы 65-тен асқан қарттар, жүкті әйелдер және халықтың өзге де осал топтарының халін аптасына 2 рет тексеріп біліп отыру керек. Бұл осы азаматтар арасында індеттің таралуының алдын алуға көмектеседі.

Қазір үкімет елде күнделікті дертке шалдығып жатқандарға қатысты мәлімет жариялауды тоқтатты. Соңғы айда вирусты жұқтырғандар бойынша да дерек жоқ. 

У Цзунью, Қытай аурулардың алдын алу және бақылау орталығының бас эпидемиологы:

- Мұның екі себебі бар. Біріншіден қазір жаппай ПТР-тест тапсыру жоқ. Екіншіден, науқастардың көбінің ауруы жеңіл өтеді. Осы себепті мәліметтер сәйкес болмай жатады. Біз эпидемияны бақылау үшін араласқан статистика тәсілін қолданып жатырмыз. Бұл АҚШ пен өзге еуропалық елдерде пайдаланылады. 

Шетелден келген азаматтарға карантин алынып тасталды. Саяхатшылар ұшақтан түсіп, кедендік тексерістен өткен соң бірден үйлеріне қайта алады. Мұндай жағдай 2020 жылдан бері алғаш рет болып тұр. Құрлық және теңіз айлақтарындағы бекеттерде де жолаушылар тасымалы қалпына келтірілді.