Ташкентте қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін мейрамхана бар

Ташкентте қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін мейрамхана бар. Иесі жергілікті кәсіпкер Әбдірасул Тастанов.

4 жыл бұрын басталған бизнес, дамып келеді. Елдің түкпір-түкпірінен арнайы, дәм татуға келетіндер көп. Күніне 500-600 келі ет асылады. Қазы-қарта, жал-жаясымен табақ тартылады.

Бұл - Ташкенттен 20 шақырым жердегі мейрамхана. Қаладан алшақ емес. Қазақы дәмді аңсаған ағайын үшін таптырмас орын. Қыс басталысымен мұнда келушілер көп. «Жаңа піскен ет пен сорпа күш береді. Жылқы сүтінде  қуат барын қазақ қалай білген», - дейді көпшілік.

Абудхожа Мұсахожаев, блогер:

- Мұнда жиі келіп тұрамын. Блогер болғандықтан түрлі елдің асханасынан дәм татқым келеді. Қазақтың ұлттық тағамдары ерекше әсер қалдырды. Оның құрамында адамның ағзасына қажетті барлық элемент барын енді білдім.

Мейрамхана иесі – жергілікті қандасымыз Әбдірасул Тастанов. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 4 жылдан асты. Ұлттық тағамды өзіндік әдіспен әзірлейді. Дегенмен басты ингредиент - ет. Тағамның дәмін келтіретін де сол. Сондықтан кез келген жерден алмайды. Қыста тек қолда бапталған жылқы етін пайдаланады. Күніне 500-600 келі ет мейрамхана қазанында қайнайды.

Әбдірасул Тастанов, кәсіпкер:

- Бұл отау ұзындығы 20 метр, ені 6 метр. 100 кісілік. Үлкен банкеттер өткіземіз. Жоспарым Ташкент қаласында Мехнат ауылы бешбармағын ашу. Қазақтың ұлттық тағамын Өзбекстан еліне таныту.

Әбдірасулдың тағы бір асқақ арманы бар. Кәсібін Қазақстанда жалғастырғысы келеді. Әріптес достары елорда төрінде мейрамхана ашуды ұсынған. Бір ғана әлеуметтік желідегі парақшасында 225 мың оқырманы бар қазақ мейрамханасы Ташкентте өте танымал.