Грузияда полиэтилен пакеттермен күрес жалғасып жатыр

Осыдан 5 жыл бұрын Грузияда пластикалық пакеттерге тыйым салынған болатын. Бірақ іс жүзінде көп өзгеріс бола қойған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе шағын дүкендер бұрынғыдай полиэтилен қапшықтарды қолдануды доғармады. Ал оларды қадағалау пандемия басталғалы бері тіпті қиындап кеткен. Қазір Грузия билігі бұл іске ерекше мән беріп, талапты күшейтті.

Биыл Грузия пластикпен күреске мықтап кірісті. Енді жаңа заңға сәйкес полиэтилен пакеттерді дүкендерде өлшеп сататын, сусымалы және ұсақ тауарлар үшін қолдануға тыйым салынады. Елде пластикке қатысты шектеу 2018 жылы енгізілген болатын. Кейін билік өкілдері пакеттердің саудасы мен импортын шектеді. Бірақ пандемия аяққа тұсау болды.

Соломон Павлиашвили, Қоршаған орта мен ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- 2018 жылы бізде қоршаған ортаны ластамауға шақыратын және полиэтиленді пайдалануды азайтатын ереже қабылданған болатын. Оған сәйкес целлофан пакеттер айналымнан шығарылуы керек. Біз халықаралық коалицияға қосылуды жоспарлап отырмыз. Оның басты міндеті – 2040 жылға қарай қоршаған ортаны пластикалық қалдықтардан тазарту.

Орта есеппен 1 адам жылына 1 мыңға жуық пластикалық пакет сатып алады. Оны тек 12 минут қолданып, лақтырып тастайды. Кейін ол ғасырлар бойы ыдырайды. Былтыр бүкіл әлемде полиэтилен қауіпті қалдықтардың қатарына қосылды. Грузияда жаңа ереже енгізілгеннен кейін жақында дүкендерде тексерістер басталды.

Нино Чхобадзе, «Друзья Земли» жасылдар қозғалысының Грузиядағы төрағасы:

- Полиэтилен пакеттер әлі де болса бөлшек саудада сатылып жатыр. Сондықтан целлофандарды тәркілеу бойынша тәртіптің күшейтілгені Грузия үшін амалсыз шара болып отыр. Өйткені бұндай пластик түрлері қоршаған ортаға үлкен залал келтіреді.

Орманды алқаптар мен жайылым жерлерде целлофан пакеттердің шашылып жатуынан Грузияда ірі қара малдың өлімі көбейген. Әсіресе туризм дамыған сайын осы санатқа жататын қоқыс та еселеп артып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулері бойынша, бұндай қаптамалардың саны нақты сатып алынған тауардан асып түседі. Сондықтан да қазір Грузияда пластикті пайдалануды қадағалау айтарлықтай күшейтілді.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.