Түркияда зілзаладан опат болғандар саны 1 498-ге жетті

Түркиядағы жойқын зілзаладан опат болғандар саны секунд санап артуда. Соңғы ақпарат бойынша, жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1498-ге жетті. Тағы 8 мыңнан астам адам жараланды. Бұл туралы осы елдің Төтенше жағдайлар басқармасы мәлімдеді.

Апат айтып келмейді. Түрік бауырларымызға зілзала орасан шығын алып келді. 10 провинцияда 2834 ғимарат құлады. Үгінділер астында қалғандардың саны белгісіз. Қазірге дейін мыңнан астам кісінің қаза тапқаны хабарланды. Құтқарылғандар да баршылық. Дегенмен мамандар әлі де болса аймақ тұрғындарын сақ болуға шақырды. Себебі...

Орхан Татар, AFAD жер сілкінісі қаупін азайту бас директоры:

- Мұндай ірі жер сілкінісінен кейін афтершоктар біршама уақыт жалғасуы мүмкін. 1 мен 6 балл арасында болады деп күтілуде. Осы себепті азаматтарымыздың зілзаладан зақым көрген ғимараттарға кірмеуін сұраймыз. Себебі олардың қирау қаупі жоғары. Сондай-ақ азаматтарымызды тек ресми органдардың мәлімдемесіне назар аударуға шақырамыз.

Кахраманмараштағы жер сілкінісінен кейін шамамен 13 сағат өтті. Күннің батуына санаулы уақыт қалды. Еуроодақ және НАТО елдерімен қоса 45 мемлекет көмек ұсынды. Алыстағы ағайынға көмек беру мақсатында бүгін түнде еліміздің де төтенше жағдайлар қызметкерлері Түркияға аттанады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Бүгінгі жер сілкінісі – соңғы бір ғасырда бастан өткерген 1939 жылғы Эрзинжан жер сілкінісінен кейінгі ең үлкен апат. 7,7 балдық жер сілкінісі кең аумақта сезілді. Халықаралық көмек үшін де біздің елмен байланыс орнатыла бастады. НАТО мен ЕО-дан басқа бізге 45 елден көмек ұсынып отыр. Бұл күн 85 миллион бір жүрек, бір білек болатын күн.

Түркия ұлттық білім беру министрлігі ел көлемінде мектептердің 13 ақпанға дейін жабық болатынын хабарлады. Апат аймағында әуежай және теміржол сапарлары тоқтатылды.