Түркияда мыңнан астам кісі қаза тапты. LIVE

Түркияда қуаты 7,7 балдық зілзаладан кейін түскі 13 жарым шамасында тағы  да 7,6 баллдық жер сілкінісі болды.

Түркия төтенше жағдайлар басқармасы таңғы 04:17-дегі 7,4 балдық жер сілкінісін 7,7 балл деп жаңартты. Таңнан бері 150-ден астам рет қайталанған дүмпулерімен қоса басқа ошақтары да оқтын-оқтын теңселіп тұр. Соңғысы 2,5 сағат бұрын 7,6 балдық болды. Оның ошағы – Кахраманмараштың Элбистан ауданы. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, қос зілзаланың салдарынан Шығыс Ақтеңіздегі 10 провинцияда 2854 ғимарат қирады. Ызғарлы қыстың суық күнінде әлі қанша кісі үйінді астында жатқандардың саны белгісіз. Ал қаза тапқандардың саны 1000-нан асқан. Аймақта табиғи газ қауіпсіздік себепті кесілді. Білім беру орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Елде жаппай мәдени және спорттық шаралар белгісіз мерзімге дейін шегерілді. Түрік армиясы «әуе жәрдемі дәлізін» құрды. Қызылай сақтау қорындағы барлық гуманитарлық көмекті аймаққа тасымалдап жатыр. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жер сілкінісін соңғы 100 жылда болған ең ірі апаттардың бірі деп бағалады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Бүгінгі жер сілкінісі соңғы бір ғасырда бастан өткерген 1939 жылғы Эрзинжан жер сілкінісінен кейінгі ең үлкен апат. 7,7 балдық жер сілкінісі кең аумақта сезілді. 912 азаматымыз қаза тапты. Оның қаншалықты өсетіні белгісіз. 5385 кісі зардап шекті. Үйінді астынан құтқарылғандардың саны 2470. Халықаралық көмек үшін де біздің елмен байланыс орнатыла бастады. НАТО мен ЕО-дан басқа бізге 45 елден көмек ұсынып отыр. Бұл күн 85 млн бір жүрек, бір білек болатын күн.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Таңнан бері төтенше жағдайлар басқармасы кейбір аймақтарда тұрғындар үгінді астында қалғандарды құтқарумен әлек. Әрбір минут бір өмірге тең. Жаңа ғана 5 жасар қыздың 7 сағаттан кейін дін аман құтқарылған хабарын көріп, марқайып отырған жайымыз бар. Жалпы аймақта жергілікті әкімшілік тұрғындарды жеке көліктерін қолданбауға, ұялы телефон операторын емес, интернеттерін қолдануға шақырып отыр. Себебі тап осы оператор арқылы үгінді астында қалғандарды анықтап жүріп жатыр. Жер сілкінісі аймағындағылардың бір бөлігі шалғай ауылдарға кетсе, екіншісі мемлекеттің құрған шатырларын паналап отыр. Солардың бірі қандасымыз Айгүн Қазбек.

Айгүн Қазбек, Адана тұрғыны:

- Қазақтың баласымын. Әкем қазақ. Шешем  татар. Аданадағы жер сілкісінен кейін ұйқым шайдай ашылып, әйелім мен қызымды алып жатын бөлмесіндегі үстелдің астына жаттық. Үйіміз 12 қабатта болғандықтан, қатты тербелдік. Тез арада құжаттарымыз бен көрпемізді ғана алып лифтпен төменге түстік. Сосын қандай қателік жасағанымызды түсіндік. Қазір қалаға 15 шықырым қашықтықтағы ауылға келдік. Жағдайдың қалыпқа келуін күтіп отырмыз. Аданада менің білетін 11 тұрғын үй құлады. Оның біреуінде әріптесімнің отбасы тұратын еді. Туған-туыстарымыз аман.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Кахраманмараштың Пазаржык ауданында сағат 04:17-де болған 7,4 балдық жер сілкінісі Сирия, Мысыр, Ливан, Солтүстік Кипр, Грекия және Иракта да сезілді. Сириядағы жер сілкінісінен 574 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Елдің солтүстігінде төтенше жағдай жарияланды.