Түркияда 11 тәуліктен кейін бір адам құтқарылды

Түркияда жойқын зілзаладан 11 тәулік өткеннен кейін тағы бір адам құтқарылды. Хатай қаласының орталығында өрт сөндірушілер 40 жастағы Хакан Ясиноглуді үйінділер астынан шығарып алды.

Сарапшылардың айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі алғашқы 24 сағаты өте маңызды. Әдетте аман қалғандардың көбі осы мерзімде табылады. Дегенмен 2010 жылы Гаитиде болған жер сілкінісінен соң 15 тәулік өткенде жасөспірім қыз құтқарылған болатын. Сондықтан мамандар үмітін үзбей, әлі де іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, Түркияда зілзаладан 39 672 адам опат болды. Алайда құрбан болғандардың саны әлі де өсетін түрі бар, өйткені 264 мың пәтер қирап, көптеген адам із-түзсіз жоғалып кетті. Ал көршілес Сирияда 5800-ден аса адам қаза тапты.