Ұлыбритания қымбатшылықтан құтылудың амалын таппай келеді

Британдақтар да несие алады. Дүкеннен электроника немесе жиһазды қарызға алып, бөліп төлейтіндер көбейген. Бұған енді билік алаңдаулы.

Өйткені "қарыз күліп кіріп, жылап шығатынын" біледі. Несие ұйымдарының қазір қарыз бергенмен, ертең оны өтей алмағандарға қандай шара қолдануы мүмкін? Мәселе осында.

Ұлыбритания да қымбатшылықтан құтылудың амалын таппай-ақ келеді. Елде бәрі қымбаттады. Азық-түлік пен коммуналдық қызмет ақысын айтпағанда киім-кешек, жиһаз, электрониканың бағасы шарықтап тұр. Тұтынушылар қажетін несиеге алып, онысын бөліп төлеуге дағдыланып келеді.

Шарлотта Джессоп, тұтынушы:

- Бөліп төлеу қызметін пайдаланғаным үшін ештеңе төлемеймін. 30 фунт тұратын көйлекті онлайн сатып алдым. Оны үшке бөліп қайтарамын. Үстінен проценті жүрмейді. Өте ыңғайлы.

Қазір сатып ал да, кейін төле. Бұл шарт бойынша сатып алған заттың ақшасын бірден емес, белгіленген мерзімнен кейін немесе бөліп төлеуге болады. Мұндай қызметті несие ұйымдары ұсынады. Зерттеулерге қарағанда, тұтынушылар былтыр интернет саудасына жұмсаған 8 фунттың 1 фунтын осындай компаниялардан қарызға алған. Бірақ борыш өтелмесе немесе кешіктірілсе тұтынушы қосымша шығынданады. Бірақ мұндай ақпарат көп емес. Өйткені бұл сала әзірге қадағаланбайды.

Стелла Кризи, Ұлыбритания Парламентінің мүшесі:

- Біздің қоғамда бұған дейін де осындай жағдайлар болған және оларды ұмытқан жоқпыз. Несиелеудің жаңа түрлері нарыққа еніп, реттелмегеннен кейін миллиондаған адамды тақырға отырғызғаны есімізде. Олар жалақы алған күні халықтан қарыздарын өте жоғары проценттік мөлшерлемемен қайтарған. Қазіргі бөліп төлеу жүйесі де дәл сондай маркетинг әдістерін пайдаланып, тұтынушыларды төлей алмайтын заттарды сатып алуға итермелейді.

Енді Үкімет бұл секторды реттеу ережелерін бекітуге білек сыбана кіріспек. Қаржылық қадағалау басқармасының есебінше, бұл бастама шамамен 10 миллион тұтынушыны қорғайды. «Борышкер қарызданғанмен оның басына қара бұлт үйірілетіндей жағдай туындамауы керек», - дейді биліктегілер.

Эндрю Гриффит, Ұлыбритания Қаржы министрі:

- Қаржылық қадағалау органының шолуына сәйкес жылдам дамып келе жатқан секторды шұғыл реттеу қажеттілігі туындап отыр. Арзан несиелер қолжетімді болуы керек, бірақ тұтынушылардың да заңмен қорғалуы өте маңызды. 

Тұтынушылар құқығын қорғаушылар үкіметтің әрекеті тым баяу дейді. Оппозициялық партия өкілдері де несиелеу компанияларын қадағалауды күшейтуді жеделдету керектігін талап етіп отыр.