Францияда ит-мысықты көшеге тастап кеткендер жазаланады
Францияда ит пен мысықты сатып аларда әуелі жауапкершілік туралы құжат бекітіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Барлық жануар егіліп, чип тағылады. Сондықтан да болар бұл елде көшеде жүретін бұралқы иттер көп кездесе қоймайды. Әдетте олар паналау орындарына қамалады. Ал ит пен мысықты көшеге тастап кеткен адам қатыгездігі үшін 3 жыл бас бостандығынан айырылып, 45 мың еуро айыппұл төлеуі мүмкін. Бірақ мұндай қылмысты дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан жуық арада осындай оқиғаларды тергеумен айналысатын арнайы бөлім ашылмақ.
Жеральд Дарманан, Франция Ішкі істер министрі:
- Біз осындай істерді тергеумен айналысатын арнайы полиция бөлімін құруды жоспарлап отырмыз. Қазір елімізде 15 полицей жұмысына кірісті.
Ал Ресейде Табиғат министрлігі қараусыз үй жануарына қатысты шешім шығару өкілеттігін аймақтарға беруді жоспарлап отыр. Оған зарарсыздандыру, есепке алу және белгілеу сияқты шаралар жатады. Бірақ атып өлтіруге тыйым сақталмақ. Ресейде қаңғыған 3 млн 300 мың мысық пен 735 мың ит бар екен. Тағы 140 мың жануар паналау орындарын мекендейді. Ал заңда көше кезген жануар иесін жауапкершілікке тарту шаралары жоқ. Тек ит-мысықты ұстап зарарсыздандырып, иесіне қайтару қарастырылған.