Әлем елдері тасқынмен қалай күреседі?
Жыл сайын әлемде болатын тасқындардың шығыны 200 млрд долларға жетеді. Су жиі таситын аймақтарда 1 млрд-қа жуық адам тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тасқынмен тиімді күрестің үлгісі ретінде Венецияны айтуға болады. Су бетіндегі қаланың тарихи орталығы 118 шағын аралда орналасқан. Өзара 400-дей көпір байланыстырып отыр. Көшелердің орнына негізінен каналдар қолданылып, жергілікті тұрғындар қайыққа мініп жүреді. Сондықтан судың тасуымен қалай күресу керектігін жақсы біледі. Дегенмен 2019 жылы болған жойқын тасқынынан кейін қаланың басым бөлігін су басып кетті. 1 жылдан кейін «Моисей» қорғаныс жүйесін іске қосты. Ол биіктігі 5 қабатты тұрғын үймен шамалас 78 темір бөгеттен тұрады. Тасқын кезінде осы шлюздер көтеріліп, қатты ағынды тоқтатады. Күрделі су жүйесі 10 жыл бойы салынды.
Токио шаһарында да жиі су тасиды. Сондықтан Жапония астанасында арнайы коллектор салынған. Инженерлік ойдың шыңы деп айдар тағылған жерасты жүйесі үлкен 5 құдықтан тұрады. Әрқайсысының көлемі АҚШ-тағы Азаттық мүсінімен шамалас. Олар өзара туннелдермен байланысқан. Нөсер жауғанда су құдықтарға ағып, кейін резервуарға түсіп, теңізге құйылады. Әлемдегі ең үлкен жер асты құрылыс саналатын бұл жобаға 3 млрд доллар жұмсалды. Мамандардың айтуынша, осының арқасында тасқындардан келетін шығын мөлшері екі есе азайған.
Су жиі таситын тағы бір ел – Нидерланд. Атауы да «Төмендегі жер» деген мағынаны білдіреді. Өйткені төрттен бір бөлігі теңіз деңгейінен төмен. Тіпті «Құдай теңізді жаратса, голландиялықтар жаға салған» деген әйгілі мақалы бар. Көне заманнан бері ел аумағында су бөгеттері тұрғызылып, өзендердің арнасы тереңдетіліп келеді. Осының арқасында тасқын кезінде су арнасынан аспай, еркін ағады.