Каирде Сұлтан Бейбарыс мешіті ашылады

Мысыр халқы Қазақстанды Алғыс айту мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – ең әуелі риясыз игі істер жасайтын мереке, - деп санайды ресми Каир. Жергілікті жұрт пен Қазақстан елшілігі Мысырдағы «7 қыз» кешенінің аумағында орналасқан тарихи орындарды тазарту бойынша қайырымдылық шарасын өткізді. Ал сәуір айының соңында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылатыны белгілі болды. Мысырдың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы Мұстафа Уазири осылай деп мәлімдеді. 2007 жылы 20 қазанда қол қойылған келісімге сәйкес Қазақстан Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 4,5 млн АҚШ долларын бөлді. Мысыр мен Сирияның 13 ғасырдағы көрнекті билеушісі, қазақ тарихындағы ұлы тұлға Сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы екі ел үшін де құнды.