Ресейде көлік тағы қымбаттайды

Ресейлік автоөндірушілер наурыз айынан бастап көлік бағасы шамамен 2%-ға өсетінін жариялады.

Өткен жылы көрші елде темір тұлпарлардың құны орта есеппен 24%-ға қымбаттаған еді. Бұл нарық соңғы 20 жылда болмаған дағдарысқа ұшырап отыр. Шетелдік автоөндірушілердің Ресейден кетуі автокөлік бағасын күрт өсірді әрі тапшылық туғызды. Жаңа машиналардың сатылымы 60%-ға төмендеді.

Ресей үкіметі бұрынғыдай авөндірушілерді қолдауды азайтқан. Жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына бөлінген ақша мардымсыз-дейді сарапшылар. Құны 2 миллион рубльге дейінгі отандық маркалы көліктерді 20 пайыздық жеңілдікпен сатып алуға болады. Алайда тұтынушылар темір тұлпарлардың сапасына көңілдері толмай, шетелдік брендттерге қызығады. Ал олар елге тек параллельді импорт механизімі арқылы жеткізіледі. Мұндай машиналардың үлкен легі Ресейге Қазақстаннан келіп жатыр.

Антон Шапарин, Ұлттық автомобильдер одағының вице-президенті:

- Қазақстаннан Ресейге әкелінетін көліктер саны ондаған мың көлікті құрайды. Әзірге 2022 жыл бойынша нақты статистика жоқ. Бұл тек қазақстандық нарыққа арналған автокөліктер ғана емес, сонымен қатар Қазақстан арқылы Ресейге транзитпен келетін көліктер, олардың көбі кеденнен төмен мөлшерлемемен өтіп кетеді, яғни заңсыз жолмен келеді.

Дегенмен, мұндай сатылымдар сұранысты қанағаттандыра алмайды. Тиімді жұмыс істеу үшін ресейлік автоөнеркәсіп жылына бір жарым миллион көлік сатуы тиіс. Бірақ сарапшылардың  пікірінше, биыл ресейлік өндірушілер ең көп дегенде 900 мың көлік шығара алады. Өндірісті ұлғайтуға негізгі кедергі - құрамдас бөлшектердің тапшылығы.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- Біз өз территориямызда батыс және шығыс көліктерін жинадық. Олар көлік емес, есік, әйнек әкеліп, осында жинап, айтарлықтай төмен салық төледі. Бұл өте тиімді болды, бірақ қазір бұл өндірістер тоқтатылды. Жинайтын компоненттерді шетелден әкелмесе, Ресейде өндіріс те болмайды деген сөз.

Владислав Жуковский, сарапшы:

- Автокөлік өнеркәсібінде сол бұрыңғы мәселе шешілмеген, ол Америка, Еуропа, Корея, Жапониядан сатып алынатын компоненттерге тәуелділік. Мәселен, жаңа «Москвич» көлігі ол Қытай зауыттарыннан келген JAC машиналары, Ресейде тек шамдары мен дөңгелектерін жинайды да әрі қарай оны ресейлік көлік ретінде сатады.

Санкция салдарынан еуропалық құрамдас бөліктердің өткір тапшылығына байланысты ресейлік автоөнеркәсіп тежегіштің антиблок жүйесі және қауіпсіздік жастығы жоқ, навигация жүйесі орнатылмаған көліктер шығара бастады, сонымен қатар еуро-бес стандартынан бас тартты. Алайда қауіпсіздік пен экологиялық тазалық деңгейінің төмендегенімен, бұл көліктердің құны төмендеген жоқ. Соңғы кездері сатылымда ресейлік брендтер нарықтың 40%, ал қытайлықтар - 38% құрады. Бірақ ақпан айының соңында қытайлық көліктер бәсекелестерінен асып түсті. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2023 жылдың соңында қытай көліктері  Ресей нарығының 60% жаулап алмақ. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров