Қазақстан - ЕуроОдақтың Орталық Азиядағы басты серіктесі

Қазақстан - ЕуроОдақтың Орталық Азиядағы басты серіктесі. Бұл туралы Брюссельде дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада Михаэль Зиберт мәлімдеді.

Осы уақыт аралығында Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымы 30 есе өсіп, шамамен 40 млрд АҚШ доллары болды. Ел экономикасына құйылатын шетелдік инвестициялар көлемі де 30 пайызға өсті. Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық табысты дамып келеді. Шара барысында қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілер отандық бұйымдарды көрсетті. Ұлттық тағамдар да ұсынылды.

Айгүл Жансерікова, "Qazaq-oner" ұлттық қауымдастығының президенті:

- Өнер арқылы біз өзіміздің еліміздің, халқымыздың ерекшелігін көрсете аламыз. Сондықтан әрбір осы имидждік іс-шараларда өнер адамдары үлкен қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Сондықтан мен де өзімнің өнерімді ала келдім және осы қолөнер бұйымдары арқылы біз Қазақстанның тарихын, мәдениетін, оның қаншалықты дамығанын көрсете аламыз деп ойлаймын.

Елена Ван Харитонова, продюсер:

- Қазақстан қазір Еуропадағы мәдени оқиғалардың эпицентрінде тұр, және барлық еуропалықтардың бұрын-соңды болмаған қызығушылығын тудырды. Мәдениет, музыка, ою-өрнек, сән, дизайн, сәулет - креативті индустрияның барлық бағыты бойынша десек, артық емес.