Грекияда пойыз апатынан көз жұмғандар саны 43 адамға жетті

Грекияда болған пойыз апатынан көз жұмғандар саны 43 адамға жетті. Бұл туралы «Ассоушейтид Пресс» агенттігі хабарлады.

Құрбандардың көбі - студенттер. Тағы 80-нен астам кісі жарақат алған. Олардың жартысынан астамы әлі ауруханада.

Жолаушы және жүк пойыздары Лариса қаласының маңында соқтығысты. Бірнеше вагонға қатты зақым келген. Іште 430-дай жолаушы болған. Тергеу барысында Ларисадағы теміржол бекетінің басшысы қамауға алынды.

- Тергеу кезінде Грекияның 59 жастағы азаматы ұсталды. Әзірге толық ақпарат бере алмаймыз. Апат себебі анықталу үстінде. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмысы әлі жүріп жатыр. Операцияға 72 өрт сөндіруші тартылған.

Апаттан кейін бір топ адам Афинада шеруге шықты. Олар Грекиядағы барлық жолаушы және жүк тасымалын іске асыратын Hellenic Train теміржол компаниясы кеңсесінің жанына жиналды. Ереуілшілер шырақтар жағып, қара түсті транспарант ұстап тұрды. Жиналғандарды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданды.

Жергілікті ақпарат құралдары парламент жанындағы шеруге 2 жарым мың адам қатысқанын айтады. Тәртіпсіздіктер Салоники қаласында да болды. Мұнда наразы топ қоқыс жәшіктерін өртеген.

Авторы: Ернат Мелсұлы