Әлемде папиллома вирусымен күрес күшейді
4 наурыз – Дүниежүзілік адам папилломасы вирусымен күрес күні. Бұл індет кейінгі жылдары әлемге жылдам тарай бастады. Қауіпті вируспен Ресей қалай күресіп жатыр? Халық екпе алуға ниетті ме?
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейде папиллома вирусына қарсы вакцина Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне кірмейді, бірақ елдің әр аймағы өз қалауы бойынша оны аймақтық күнтізбеге енгізе алады. Яғни, осы аймақтың тұрғындары үшін екпені тегін жасату мүмкіндіктері бар. Мысалы, Мәскеу және Санкт-Петербор тұрғындарында мұндай мүмкіндік бар. Ел астанасында тегін вакцинация, ең алдымен, 12-13 жас аралығындағы қыздар арасында жүргізіледі.
Тірі ағзаның бойында өсіп-өніп, зиян келтіретін вирустардың ішінде онкоауруларды тудыратын папиллома вирустары анықталғалы дүние жүзінде аталған індетпен күрес күшейді. Қауіпті вирусқа қарсы екпені алуды балалардың ата-анасы қабылдайды.
Алла Шахова, қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің басшысы:
- Папиллома вирусы – өте онкогенді, және де ол кең таралған вирустардың бірі. Ол жыныстық жолмен таралады және қатерлі ісікке алып келеді. Жыныс мүшелерін зақымдайды. Сонымен бірге көмей ісігі де осы вирустың салдарынан пайда болады.
Бұл вирустың 100 астам түрі бар. Көбісі қауіпті емес, бірақ 30 жуық түрі қатерлі ісікке алып келеді, - дейді мамандар.
Елена Павлова, қала тұрғыны:
- Қазір бұл вирус әлемге кең тарап кеткен. Зардабы ауыр. Күрделі онкологиялық ауруларға әкеліп соғады. Сондықтан да баламызға екпе саламыз деп шештік. Бұрын мұндай вакцина болмаған. Ал біздің балаларымыз бен болашағымызды қорғауға мүмкіндігіміз бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 15 жасқа дейінгі қыздардың 8%-і екпе алса, жатыр мойыны обырына шалдығу көрсеткіші төмендейді. Дәрігерлер Ресейде папиллома вирусына қарсы екпе егу алдағы онжылдықта 300 000-ға жуық адамның өмірін сақтап қалады деп есептейді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.