Оңтүстік Корея азаматы 50 жылдан кейін марқұм әкесі туралы тың ақпарат тапты
Корея азаматы Ким Дже Вон 50 жылдан кейін марқұм әкесі туралы тың ақпарат тапты. Герберт Ким кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, 12 жыл ғұмырын Қазақстандағы лагерде өткізген. Күні кеше Ким Джэ Вонға Сеулдегі Қазақстан елшілігінен қуанышты хабар жетті. Оған қуғын-сүргінге ұшыраған әкесінің барлық құжатымен танысуға мүмкіндік берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол әкесін көрген емес. Тек фотодан танып өсті. Қытай азаматы, АҚШ университетінің түлегі Герберт Ким 1930-жылдары Степняк пен Жолымбеттегі шахталарда жұмыс істейді. Шетел азаматына Қазақстандағы өмір ұнап, шаңырақ көтереді. Тұңғышы Роберт дүниеге келеді. Бірақ сталиндік қуғын-сүргін жас отбасының армандарын тас-талқан етті.
Ким Дже Вон, Герберт Кимнің қызы:
- 1936 жылы кеніште қызметкерлер бірінен соң бірі жоғала бастайды. Олардың қайда екенін сұрағанда, ешкім жауап бере алмады. Сөйтіп, әкем бірдеңе дұрыс емес екенін сезіп, кету керек деп шешеді. Шетелге сапар ұйымдастыру үшін Петропавлға барды. Бейсенбі барған, оған жұма күні келеңіз дейді. Жұма күні келсе құжаттарды толтыруға көп уақыт керек дейді. Сөйтіп отырғанда, демалыс күні түнде оны НКВД алып кетті.
Гербердтің әйелі 1 жыл бойы күйеуімен кездесе алмай, ұлын алып, АҚШ-қа көшеді. Гербертке тыңшылық жасады деген айып тағылады. Сөйтіп, өлім жазасына кесіледі. Бірақ кейін 25 жылдық қамауға ауыстырылды. Бұл үкім Кореяның уақытша үкіметінің мемлекеттік комиссары болған Герберттің әкесіне белгілі болды. Ол 1942 жылы ұлын босатуға қол жеткізді. 1949 жылы Герберт Кореяға оралды, онда ол екінші рет үйленді. Бірақ 8 айдан кейін Гербертті Солтүстік Корея сарбаздары ұрлап әкетеді.
Ким Дже Вон, Герберт Кимнің қызы:
- 2018 жылы Қазақстанға алғаш келгенімде, ол туралы ештеңе білмедім. Кореяда қазақстандықтарды кездестірмедім. Сондықтан елдің қаншалықты үлкен екеніне, мұнда қайырымды адамдардың барына таңғалдым. Маған көп адам көмектесті. Мұрағатқа жалғыз келдім, тіпті фотоаппаратымды да ала алмадым. 2 қызметкер келіп, менің қасыма отырып, маған ағылшынша бәрін түсіндіре бастады, құжаттарды көрсетіп, менімен бірге жылады. Сонда Қазақстанда сталиндік саясаттан зардап шекпеген отбасы жоқ екеніне көзім жетті.
Кореяға оралғаннан кейін Ким Дже Вон күйеуімен бірге кітап шығарды. Тарихшыларды Герберттің тағдыры қызықтырды. Алматы мұрағатында Дже Вон ғалымдар үшін жаңа материалдар жинауды көздеп отыр. Бірақ ол оңайға соқпайды. 85 жыл өтсе де, материалдарын тек көруге рұқсат етілген, көшірме жасауға болмайды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.