Түркиядағы апаттан кейінгі ахуал. LIVE

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Түркияда ірі жер сілкінісі болды. Апаттан кейін елде қандай жұмыстар атқарылды?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бұған дейін апаттық аймақтың Газиантеп, Нұрдағы мен Қахраманмараш өңірінен хабар таратқан едік. Міне, Түркияның Сириямен шекаралас жатқан Хатай провинциясында тұрмын. Бұл жер зілзаладан ең көп зардап шеккен провинцияның бірі. Бірер сағат бұрын қалаға кірдік. Сау ғимарат жоқтың қасы. Құрылыс жұмыстарының бас басқармасының мәліметінше, әрбір екінші ғимарат құлаған, қатты зақымданғаны, жедел түрде бұзуды қажет ететін ғимарат және құлаған ғимарат екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, құрылыс жұмыстары басқармасы шамамен 734 мың тұрғын үй, 106 мың коммерциялық мекеме, 1 965 мектеп, 78 аурухана және 3509 қора тексеріпті. Соның 211 мың тұрғын үйі, 40 мың сауда нысаны, 225 мектеп, 25 аурухана және 1750 қора қираған, олар шұғыл сүрілуі тиіс.

Жалпы, елде зілзаладан қаза тапқандардың саны 46 мыңнан асты. Көз жұмғандардың басым бөлігі де осы жерде. Ішкі істер министрінің айтуынша, апаттық аймақта 332 шатыркент құрылса, соның 80-і осы Хатайда екен. Құрылыс жұмыстары ағымдағы айда қаланың ішінде және сыртына басталмақ. Қоршаған орта, қала және климаттың өзгеруі министрінің айтуынша, орта деңгейде зақымдалған ғимараттарға жөндеу жүргізілмейді. Олар толық жойылып, орнына жаңа ғимарат салынады. Басқа тұстан, елде жер сілкінісінен кейін 269 құрылыс салушы мен мердігерді қамауға алынды.

1 айда 14 мыңға жуық жер сілкінді. Оларды «афтершок» деп атайды. Яғни, ірі зілзаладан кейінгі әсер деп айтсақ болады. Оның ең ірісі 6 балға дейін жетті. Осы афтершоктар салдарынан да ғимараттар құлап жатыр. Осы себепті жергілікті әкімшілік ғимараттарға кіруге тыйым салып отыр.

Мамандар үйінділерде 200 млн тонна қоқыс шығуы мүмкін дейді. Қазір қала ішіндегілер тазаланып, белгіленген орындарға қоқыстар тасталып жатыр. Алдағы уақытта сұрыптау жұмыстары басталатын шығар. Қазір үйінділерді тазартып, құрылыс жұмыстарын бастауға күш салынып жатыр. Халықты уақытша баспанамен қамтамасыз ету де маңызды істердің бірі болып тұр.