Португалияда шетелдіктердің көптігінен үйді жалға алу қымбаттап кеткен
Португалия азаматтары туризмнен пайда емес, зиян көріп отыр.
Өйткені елге саяхаттап келген шетелдіктердің көптігінен үйді жалға алу тым қымбаттап кеткен. «Ал жалақы аз болғандықтан, ипотека рәсімдеу мүлде мүмкін емес», - дейді еуропалықтар.
Португалия - Батыс Еуропаның ең кедей елдерінің бірі. Мемлекет 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін әлі ес жия алмай келеді. Сыртқы қарыз бастан асады. Берешекке белшесінен батқан ел үкіметі халықтың әл-ауқатын көтеруге қауқарсыз. Португалия - туристер үшін тартымды. Мұнда көршілес Италия мен Испанияға қарағанда шетелдіктер үшін бәрі арзан. Бірақ бұның зардабын жергілікті тұрғындар тартып жүр.
Роза Сантос, Лиссабон тұрғыны:
- Ілініп-салынып әйтеуір өмір сүріп жатырмыз. Көптеген үйлер қысқа мерзімге демалысқа келген шетелдіктерден босамайды. Ел астанасы Лиссабон қала емес, ол көңіл көтеру орталығына айналды. Қызықтың бәрін туристер көреді.
Туристер шынымен көп. Былтыр 15 миллион саяхатшы келген. Ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда 158 пайызға артық. Ал сарапшылар демалушылардың саны биыл тағы 33 пайызға артады дейді. Экономика әлсіз болған соң, халықтың өмір сүру деңгейі де төмен. Жалақы мардымсыз.
Джорджина Симоес, қарттар үйінің қызметкері:
- Күнде таңертең "Бүгін бұл үйде қаламыз ба әлде қуып шыға ма?" деген уайыммен оянамыз. Пәтер жиі ауыстырамыз. Өз үйімді алуға жалақым мүлде жетпейді. Ипотекаға мүлде жолай алмаймыз.
Баспанасы жоқ, ал жалдауға ақшасы жетпейтін тұрғындар Лиссабонның дәл іргесінен өз қолымен лашықтар тұрғызып алған. Бірақ үкімет оның өзін көп көріп, қаланың кейпін бұзады деген желеумен сүріп тастап жатыр.
Билік жылжымайтын мүлік нарығындағы күрделі жағдайды реттеуге тырысып әлек. Үкімет жуырда жалпы құны 900 миллион еуроны құрайтын жаңа бағдарлама ұсынды. Ол бойынша үйді жалға берушілерге салық жеңілдігін жасау арқылы баспана бағасын түсіру көзделген. Бірақ бұл бағдарламаның нақты қашан қабылданатыны әлі белгісіз. Өйткені бұл шаралар ең алдымен парламент талқылауынан өтуі тиіс.
Автор: Ернат Мелсұлы