Грузияда контрабасшылар фестивалі өтіп жатыр

Грузияда халықаралық контрабасшылар фестивалі өтіп жатыр. Байқауда ел намысын Арман Назаров қорғайды.

Биылғы фестивальдің ерекшелігі артистер тек оркестрде ғана емес, жеке өнерін де көрсете алады. 

«Контрабас әлемі» фестивалі  биыл осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Аз уақыттың ішінде музыкалық байқау әлемге танылып үлгерді.Ресей, АҚШ, Жапония, Бразилия және Қытайда болған байқауды биыл Тбилиси қабылдады. Қатысушылар арасында грузин оркестрінде ойнайтын Қазақстан тумасы бар.

Арман Назаров, музыкант:

- Мен көрермендерге музыка әлемінде шекара  жоқ екенін жеткізгім келеді. Балаңызды әнге баулыңыз. Бұл рухани байлық дер едім.

Арман Назаров орындайтын әуенде қазақ музыкасының элементтері бар. Белгілі композитор Ираклий Цинцадзе Арманның өнеріне жоғары бағалады.    

Ираклий Цинцадзе, композитор:

- Бұл эстетикалық әдемі музыка. Шығыс стилінде, оның ішінде қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне сәйкес шығарылған туынды.  Арман Назаров - қазақ музыка мектебінің өсіп келе жатқан жұлдызы дер едім.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкада ұлт жоқ. Ал, фестивальдің тағы бір көздегені тәжірибе алмасу. Биыл Грузияға бірнеше елден қатысушы келді. Құрметті қонақтардың ішінде  фестивальдің негізін қалаушылардың бірі Эрик Хансен де бар. 

Эрик Хансен, Бригам Янг Университетінің профессоры /АҚШ/:

- Бұл Мен үшін өте маңызды фестиваль. Мен Грузияға бірінші рет келдім. Саяхатты жақсы көремін және бүкіл әлемде достарым мен әріптестерім болғанына өте қуаныштымын, менің арманым орындалды. 

Фестиваль ұйымдастырушылары Контрабас аспабын танымал ету үшін қатысушы елдердің тізімін көбейтуді жоспарлап отыр.

Юлия Тужилкина