Польшада азық-түлік пен энергия бағасы шарықтап кетті

Польшада азық-түлік пен энергия бағасы шарықтап кетті. Аргентинаны да қымбатшылық жайлап, инфляция 100 проценттен асып кеткен.

Ирандағы азық-түлік бағасы, тұрғындардың мерекелік көңіл-күйіне қаяу түсірді.

Польшаны қымбатшылық жайлады. Өткен айда инфляция 18 проценттен асып кетті. Елде азық-түлік 24 пайызға өсіп, кейінгі 26 жылда болмаған жағдай тіркелді. 

БЛИЦ:
- Қызанақтың бір келісі 20 злотый тұрады. Бұрын 12 злотый болатын. Өзге де көкөніс қымбаттап кеткен.

- Мен оқудан кейін жұмыс істеуге мәжбүрмін. Өйткені ақша түкке жетпейді. Бәрі қымбат. Су мен жарық ақысын төлеп, тамақ сатып алғаннан кейін басқа ештеңеге ақша қалмайды. Киім мен косметикаға жетпейді. Қыдыруды айтпай-ақ қояйын. Қазір киноға барудан да қалдық.

Тамақтан бөлек үйдің бағасы мен коммуналдық қызмет ақысы да 23 процентке артқан. Тұрғындар әсіресе балаларға арналған тауарлардың құны шарықтап кеткенін айтады.

Варшава тұрғыны:

- Менің екі балам бар. Тапқан азын аулық ақшамыз солардың тамағы мен жөргегінен артылмайды.

Қазір Еуропа ғана емес, Латын Америкасын да қымбатшылық жайлаған. Өткен айда Аргентинада инфляция 102 проценттен асып кеткен. Бұл 1990-шы жылдардағы гиперинфляциядан кейін алғаш рет тіркеліп отырған жағдай. Сарапшылар бұған әлемдегі геосаяси ахуал әсер еткенін айтады. Оның үстіне Аргентинада құрғақшылық кесірінен астық аз жиналған. 

Янет Назарио, Буэнос-Айрес тұрғыны:

- Тапқан тиын-тебеніміз түкке жетпейді. Тегін асханадан тамақтанатын болдық. Керек десеңіз, балаларыма сүт ала алмаймын. Етті де күнде жемейміз. Өйткені қымбат.

Парсы шығынағындағы да  жағдай мәз емес. Иранда инфляцияның жылдық дейгейі 50 проценттен асады. Елде былтыр қыркүйекте жаппай ереуілдер басталғаннан кейін ұлттық валюта 30 процентке арзандады. Салдарынан жергілікті тұрғындар биыл Наурызға арнап әдеттегідей аста-төк дастархан жая алмайтындарына қапалы.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева