Ұлыбританияда түркітілдес халықтар өз мәдениетін паш етті

Наурыз мерекесін Ұлыбритания да тойлады. Лондондағы UCL университеті алдында сахна құрылып, Орталық Азия өкілдерінің қатысуымен концерт өтті. Түркітілдес халықтар ұлттық өнері мен бай мәдениетін британиялықтар алдында паш етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Орталық Азия елдерінің көктем фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл күні Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа да мемлекеттердің өнерпаздары сахнаға шығып, жырдан шашу шашады, мың бұрала би билейді. Палау пісіріп, сауда қызады.

Университет ғимаратының ішінде де ұлттық тағамдардан ауыз тиюге болады. Хафт Мива – ауған халқының асы. Ішіне 7 түрлі кептірілген жеміс пен жаңғақ қосылады. Біз білетін Наурыз көжеден айырмашылығы, бұл – ыстық сорпа емес, салқын тәтті сусын.  

Нюша Нодус, Лондон тұрғыны:

- Біздің мәдениетімізде 7 – қасиетті сан. Cондықтан Хафт Миваға біз 7 түрлі дәм қосамыз. Бұл асты таңертең дайын болған уақытта ішсеңіз өте жұмсақ, дәмді әрі нәрлі болады.    

Ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдары да осында. Естелікке кәдесыйлар сатып алуға болады. Қазақстандық дизайнерлердің тақиялары мен әшекей бұйымдары келушілердің көңілінен шыққандай. Кезекте тұрғандардың қатары көп.

Раушан Байспай, Лондон тұрғыны:

- Жергілікті халық, әсіресе ағылшындар Қазақстан туралы біле бермейді. Орта Азияның өзге елдерімен шатастырып жатады. Оларға мәдениетімізде ерекшеліктер бар екенін айтамын. Туған жеріміз туралы көбірек біліп, саяхаттағандарын қалаймын.

Түркітілдес халықтар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп келе жатқан мәдени мұраларымен таныстырды. Ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетті. Қырғыз ағайындар аластау рәсімін өткізіп, жырдан шашу шашты.

Ділқұмар Жолдошова, Лондон тұрғыны:

- Қырғыз елінің ұлттық аспабы – қомыздың сүйемелдеуімен ұлы демократ ақынымыз Тоқтағұл Сатылғановтың «Әлімхан» деген фольклорлық шығармасын орындадым. Ұйымдастырушыларға рақмет. Бұл біздің ынтымағымызды шыңдайды.

Қазақстандықтар да өнерден кенде емес екендіктерін танытты. Сахнаға шыққан студенттердің ешқайсысы кәсіби әнші-биші болмаса да, халқымыздың ішкі жан дүниесінің байлығын ырғақты қозғалыстарымен «Қамажай» биі арқылы жеткізді. Шәмшінің риясыз сезімге толы лирикалық «Қайықта» әнін нақышына келтіріп орындады. Кішкентай өнерпаздар да қалыс қалмады. Үлкен сахнаға шығып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Самал Сабыржан, Эксетер қаласының тұрғыны:

- Наурыз үшін келдік біз. Эксетер қаласынан арнайы 3,5 сағат машинамен жүріп, енді осындай көріністі көру үшін келдік. Өйткені қазақпыз ғой. Наурыз мерекесі біз үшін ол кәдімгідей ұлттық құндылыққа толы, біздің ата-бабамыздан қалған, біздің рухымызды көтеретін, ең басты мерекелердің бірі болып саналады.

4 сағатқа созылған Лондон төріндегі Наурыз мерекесі аяқталса да, халық тарағысы келмей ұзаққа дейін тарамады. Барлығының тілегі бір: Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, бақыт пен молшылық әкелсін-деген ниет.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.