Анадолыда түрік балалары қазақша үйреніп жүр

Анадолыда қазақша білетін түрік ағайындар аз емес. Солардың бірі – Нежибе Чапар. Ол тілді біліп қана қоймай, көпшілікке насихаттап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нежибе Чапар,қырықтан асқан жасында университетке түсіп, қазақ тілін үйренді. Ол қазір көне төте жазуындағы еңбектерді түрік тіліне тәржімалап, туыстас жұрттағы әдебиетімізге мол үлес қосып жүр.

Нежибе Чапар, студент:

- Қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін үйренген сайын қызығушылығым одан сайын артты. Абайдың, Мағжан Жұмабайдың «Алыстағы бауырыма» өлеңіне, Міржақып Дулатұлының шығармашылығына тәнтімін. Көптеген қазақ ақын, жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін қызығушылықпен оқимын. Қазақ әнұранын жатқа білемін. Қаражорға билеп үйрендік. Дипломдық жұмысымда Халел Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты еңбегін төте жазудан оқып, түрік тіліне аудардым.

Ұл- қызымен бір уақытта университетте оқыған Нежибе қазақтың қолөнеріне тәнті. Тіпті Стринг Арт деп аталатын шеге мен жезден Мемлекеттік туымызды шебер жасап шыққан. Ерекше туындысын, ұстазына тарту етіпті. Арманы – Түркияда қазақтың ою-өрнегімен безендірілген киім тігу.

Нежибе Чапар, студент:

- Шегемен жасалған қолөнерге деген қызығушылығым 3 жыл бұрын басталды. Алдымен Түркия туын жасап үйрендім. Одан кейін қазақ туын жасап көргім келді. Себебі бізге қазақ тарихын, қазақ мәдениетін, салт-дәстүрлерін үйретіп, Қазақстанға деген сүйіспеншілігімізді арттырған профессор Гүлжанат ұстазыма өз қолыммен жасалған ерекше сыйлық тарту еткім келді. Менің ойымша, қолдан шеге өнерімен жасалған қазақ байрағы – әлемдегі жалғыз нұсқа.

Анкарадағы Хажы Байрам Университетінде жылына 10 студент қазақ тілін меңгеріп шығады. Гүлжанат Құрманғали Ержиласун қазірге дейін ана тілімізді еркін білетін жүзден астам маманды дайындаған. Дегенмен Нежибе жүзден жүйрік шығып, факультетте үлгерімі бойынша алғашқы үштікке кірген.

Гүлжанат Құрманғали Ержиласун, Хажы Байрам университеті профессоры:

- Әр жыл сайын қазақ тілін үйренетін 10 шақты студент болады. Соның ішінде, Нежибенің қазақтарға, қазақ тіліне сүйіспеншілігі айырықша. Оның білімге деген құштарлығы мен Қазақстанға деген сүйіспеншілігі ұштасты. Сол үшін осындай ерекше дүниелер туындады. Қазақ тілін үйреткен кезде мен тек тілді үйретіп қана қоймаймын. Міндетті түрде қаражорға билеп үйренулерің керек. Міндетті түрде қазақтың әнұранын жатқа білулерің керек. Міндетті түрде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын білулерің керек. Міндетті түрде қазақтың бір өлеңін жатқа айта білулерің керек.

Ұлыстың ұлы күнінде есігін ашқан Нежибе ақ дастарқан жайып, қазақ халқына жүрек жарды тілегін жолдады. Мақсаты – мұнымен шектелмей, қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттеу-зерделеу. Биыл 42-ге келген ол магистратура мен докторантураны тамамдап, екі ел арасындағы байланысқа сүбелі үлес қоссам деген арманы бар.