Францияда халық зейнетақы реформасына қарсы шеруге шықты

Ал Францияда халық зейнеткерлік жасын ұлғайтуға қарсы жаппай шеруге шықты.

Ереуілшілердің саны туралы мәлімет әртүрлі. Кейбір дерек көздері белсенділер қатары 3,5 миллионға жетті дейді.

Францияда зейнетақы реформасы ресми түрде қабылданды деп есептелсе де, оған қарсы наразылық күшеймесе, әзірге толастайтын түрі жоқ. Париждің мына көшесіне 70 мыңға дейін адам жиналған. Наразы топтың қарасы басқа аймақтарда да еселеп артып жатыр.

Лора Декро, медбике:

- Мына қара нөпір халық талабымыздың дұрыс екендігін дәлелдеп тұр. Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Үкімет қабылдаған реформасын кері қайтарсын. Бұл көпшілікпен ақылдаспай істелген шаруа. Барлық кәсіподақтар жұдырықтай жұмылып, қарсылық танытып жатыр.

Билік зейнеткерлікке шығу мерзімін тағы 2 жылға көтеріп, 64 жас қылды. Содан бері 9 күн бойы белсенді тұрғындар көшеде жүр. Париже бен басқа ірі қалаларда дүкендерді қиратқан тәртіпсіздік көбейді.

Елдің Ішкі істер министрі қақтығыстан 123 полицейдің жарақат алғанын және 80 бұзақының қамалғанын хабарлады. Бүгін ереуілшілер Париждегі вокзалдар, теміржолдар мен Шарль де Голль әуежайына апаратын күрежолды жауып тастады.

Анн Гюйон-Вальк, салық қызметкері:

- Бұл - тарихи сәт. Әртүрлі кәсіподақтардың осылай біріккен көптен бері көрген жоқпыз. Бәрі ортақ шешімге келіп, алынбас қамалдай болып, бекініп алған. Сондықтан соңына дейін барамыз. Мына реформаны алып тастау керек!

Жұмыс орындары да босай бастады. Бүгін Париждегі мұғалімдердің жартысы, теміржолшылардың 30 пайызы және энергетиктердің басым бөлігі шеруге шығып кеткен. Елдің 15 бекетінде жанармай таусылған. Әуежайға жермай жеткізу ісіне қауіп төніп тұр. Эйфель мұнарасы, Версаль сарайы мен басқа да көрнекі орындар келушілер үшін жабылды. Қоғамдық көлік те тұрақты жүрмейді. Азаматтық авиацияның бас директоры ОрлИ әуежайындағы рейстердің 30 пайызын кейінге шегеруді талап етті. Сондықтан қазір Парижге саяхаттап бару тиімсіз дейді сарапшылар.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ернат Меслұлы, Әлия Сыздықова