Әлем бойынша халықты ауызсумен қамту өзекті мәселеге айналды
БҰҰ-ның мәліметінше, 2 млрд-тан астам адам таза суға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өткен аптада Нью-Йоркте БҰҰ-ның су ресурстары жөнінде конференциясы өткен болатын. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриштің мәлімдеуінше, адамзаттың төрттен бір бөлігі ауызсуға зәру.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Су – адамзаттың тіршілігі. Ол – ауыл шаруашылығы мен энергияның қозғаушы күші. Денсаулық, тазалық пен күнкөрісіміз үшін қажет. Су – жарқын болашағымызды дамыту негізі. Бірақ сол суға үлкен қауіп төніп тұр. Шамадан тыс әрі тиімсіз пайдаланып және жаһандық жылыну арқылы буландырып, өзімізге өзіміз ор қазып жатырмыз. Су айналаны өзгертіп, экожүйені бұзып, жер асты сулары ласталды. Табиғи апаттардың төрттен үші суға қатысты. Әрбір төртінші адамға таза ауызсу жетіспейді.
ЮНИСЕФ-тің мәліметтеріне қарасақ, ауызсу тапшылығынан көп елде санитарлық жағдай нашар. Гигиенаның сақталмауынан шығатын аурулар көбейді. Ал шөлден жыл сайын 1 млн 400 мыңнан астам адам қайтыс болады. Дені – балалар. Африка елдерінде 190 млн жасөспірімге осындай қауіп төніп тұр. Әсіресе Эфиопия, Судан, Нигерия, Сомали, Конго, Мали, Чад, Кот-Ивуарда жағдай қиын.
БҰҰ осы елдерге қолынан келгенше көмектесіп келеді. Мәселен Эфиопияда арнайы жоба аясында 220 мыңнан аса адам таза ауызсумен қамтылды. Олардың көбі – қуаңшылықтан қашқан босқындар.
Ариет, Гамбела елді мекенінің тұрғыны:
- Бұрын қатты қиналдық. Суды өзеннен алып жүрдік. Өте лас болғанына қарамастан оны ішуге мәжбүр болдық. Ал енді таза ауызсумыз бар.
Оңтүстік Американың кейбір елдерінде де жағдай мәз емес. Венесуэлада кедейлер тұратын аудандар ауызсумен қамтылмаған.
Кармен Утрия, Каракас қаласының тұрғыны:
- Суды қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрміз. Кейде жергілікті жігіттер жақын маңдағы құдықтан су әкеліп, арзан сатады. Ал краннан аққан суды 20 жыл бойы көргенім жоқ.
10 жыл бойы қуаңшылық зардабын тартқан Чилиде де су мәселесі өзекті. Наразылық шараға шықан ереуілшілер халыққа су жетпей жатқанда, кәсіпорындар оны ысырап етіп жатыр дейді.
Ядран, шеруші:
- Кәсіпорындар су қорларын жекешелендіріп, оны аямай жұмсайды. Бұл экологиялық жүйемізге, яғни денсаулығымызға зиян келтіреді.
Тіршілік нәрі экономикалық дамуға, адамның өмір сүруіне, табиғи экожүйеге ауадай қажет. Су ресурсын тиімді пайдаланбаса, келешекте алтыннан да қымбат болуы мүмкін. Сондықтан суды үнемдеу және оны дұрыс басқаруды қамтамасыз ету аса маңызды. Соңғы жылдары қуаңшылық зардабын тартқан Калифорния штатының фермері ерекше бір әдіс қолданып келеді. Қыста жаңбыр мол жауғанда судың көбісі мұхитқа ағылатын. Ал ол арық қазып, өз жеріне сіңіртеді.
Дон Кэмерон, фермер:
- Мұны істей бастағанда, көршілеріміз біз есімізден адастық деп ойлаған. Барлығы егістікті құрттық деп жүріпті. Алайда бәрі ойдағыдай шықты.
Мұнайға бай Парсы шығанағындағы мемлекеттерде де су тапшы. Теңіз суын тұшытады. Біріккен Араб Әмірліктері осы мәселені инновациялық жолмен шешуге күш салды. Жергілікті компанияның бірі жаңбыр суын ара ұяшықтары сияқты жер асты қоймаларында сақтау тәсілін ойлап тапты. Бұдан бөлек, құмдағы ылғалды ұзақ уақыт ұстап тұрудың жолын ашқан. Ғалымдар бұл технология арқылы шөлейтті жерлерді егіс алқаптарына айналдыруға болады деп санайды.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов.