Әлемде құс тұмауы ушығып тұр
Әлемде құс тұмауы ушығып тұр. Былтыр 70 елдің аумағында 8 мыңға жуық ауру ошағы тіркелген.
Салдарынан 120 миллионнан аса қанаттының көзі жойылды. Инфекция Еуропада тарап, жұмыртқа тапшылығы туындаған. Латын Америкасындағы жағдай да мәз емес. Індет өңірдің 20-ға жуық елінде тіркелген. Әсіресе Чилидегі ахуал алаңдатады. Өйткені мұнда ауыру адамға жұқты. Тақырыпты әріптесім Жұлдыз Атагельдиева Шартарап айдарында тарқатады.
Еуропада қазір жұмыртқа тапшылығы сезулуде. Соның бір себебі құс тұмауы. Салдарынан, Испанияда бір жылда жұмыртқа 40 процентке қымбаттаған. Сөйтіп қазір оның бір данасы біздің ақшаға шаққанда 100 теңге тұрады. Ауыл шаруашылығы саласының өкілері баға әлі де өсетінін болжайды. Ал Ұлыбританияда былтыр күзден бері құс тұмауы 70 кәсіпорында тіркелген. Салдарынан жергілікті дүкендерде жұмыртқа табу қиынға соғып тұр.
Сақтықта қорлық жоқ
Испания мен Ұлыбританиядағы жағдай қайталанбас үшін Ресей билігі алдын ала қамданып жатыр. Сөйтіп Калининград облысында аурудың өршуіне қарсы тұру үшін оқу-жаттығулар өткен. Өйткені мұнда құстардың көші-қоны кезінде 20 миллиондай қанатты өзге елдерге ұшып кетеді.
Александр Муромцев, Калининград мемлекеттік техникалық университетінің зоотехника кафедрасының меңгерушісі:
- Сақтансаң - сақтайды демекші, біз бәріне дайын болуымыз керек. Жыл құстары түрлі ауруды, мысалы құс тұмауын таратады. Ол үй құстары, тіпті адам үшін қауіпті болуы мүмкін. Адам мен жануарлар үшін жоғары патогенді аурулар бар. Олар зооантропоноздар деп аталады.
Чилиде құс тұмауы адамға жұқты
Құс тұмауы Латын Америкасының 16 мемлекетінде анықталды. Соның салдарынан бір ғана Чилидің өзінде 40 мың үй құсының көзі жойылды. Елде шектеу шаралары енгізілді. Мәселен, етті экспорттауға тыйым салынды. Ал соңғы мәлімет бойынша мұнда алғаш рет аурудың адамға жұғу дерегі тіркелді. Індет 53 жастағы ер адамнан анықталған. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. «Ер адам инфекцияны қандай жағдайда жұқтырғаны әзірге белгісіз»,- дейді дәрігерлер.
Химена Агилера, Чили Денсаулық сақтау министрі:
- Құс тұмауы елдің солтүстігіндегі қала тұрғынынан анықталды. Науқастың өкпесі қабынып, тыныс алуы қиындаған. Сараптама нәтижесі Мемлекеттік денсаулық сақтау институтына жіберіліп, дәрігерлердің күдігі толығымен расталды. Қазір эпидемиологиялық топ инфекцияның жұғу себебін зерттеуге кірісті.
АҚШ-та құс тұмауы өршіп тұр
Жалпы кейінгі 20 жылда әлемнің 19 елінде құс тұмауының адамға жұғуының 900-ге жуық дерегі тіркелген. Өкінішке қарай, көбі кісі өлімімен аяқталды. Қазір кейбір америкалық университеттер адамға егуге болатын вакцинаны әзірлеп жатыр. Былтыр осы АҚШ-та инфекция салдарынан 50 миллион құстың көзі жойылды. Салдарынан жұмыртқа 60 процентке қымбаттап кетті.