Украинада автонесиеге сұраныс жоғары
Украинада жеке тұлғаларға несие беру үрдісі қайта қалпына келе бастады.
Алайда Ұлттық банк сұраныс деңгейі сақталғанымен несиелендіру шарттарының өскенін айтады. Тұрғындар әсіресе автонесиеге әуес. Бір ғана Мемлекеттік банк жарты жылда 2 мың адамға көлік рәсімдеген.
Украинада соңғы жылы автонесиеге сұраныс жоғары. Себебі, көлігің болса аман қалуға мүмкіндік мол- деген қағида қалыптасты бұл жақта. Киев- Варшава бағытына поезға билет табу қиын. Ұшақтар, болса да әуеде еркін қалықтай алмайды. Сондықтан дабыл қағылғанда өз көлігіңе сенесің. Жылдық мөлшерлеме 20 пайыздан асса да тұрғындар көлік алуға ниетті.
Олег Журавлев, Киев қаласының тұрғыны:
- Көліксіз қазір қиын, үнемі көшіп-қонып жүргендіктен, кез-келген тұрғын машинаға аса мұқтаж. Дабыл кезінде қоғамдық көлік сағаттап тоқтап тұрады, қыруар уақытың зая кетеді. Сондықтан автонесиеге сұраныс жоғары.
Бір ғана мемлекеттік банк жарты жылда 2 мыңнан астам автокредит рәсімдеген. Кредитті қайтару мерзімі бестен жеті жылға дейін ұзарып отыр. Ал кредитке алған көлігіңіз қауіпті аймақта қалып қойған болса - банк “кредиттік каникул” беру жағын қарастырған.
Крестина Шевчук, кәсіпкер:
- Елде жағдай тұрақталған жоқ, дей тұрғанмен бизнес те қарыз алып болса да, кәсібін жалғастыруға мәжбүр. Егер қаражат мақсатты түрде жұмсалса - банк айтарлықтай жеңілдік ұсынады
Автонесиеге отандық көліктерге қарағанда, шетелдік брендерге сұраныс жоғары. Несие беруші қаржы ұйымдары кредит рәсімдегенде жеке тұлғаның өмірін сақтандыруға ерекше назар аударады. Себебі елдегі қауіпсіздік мәселесі әлі де күрделді.
Авторы: Аида Қыдырбай