Электронды оқулықтардың қазақстандық платформасы бүкіләлемдік байқауда үздік шықты
Электронды оқулықтардың қазақстандық платформасы бүкіләлемдік байқауда үздік шықты.
Стартап жоба мектепке ауыр сөмке тасымай, ақпаратты онлайн көруге көмектеседі. Идея авторлары Лондонда өткен Білім беру технологияларының халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып, тұсаукесер өткізді.
Bett Show – 35 мыңнан астам оқытушы мен білім саласының мамандарын біріктіретін дүниежүзілік көрме. Жиналғандар жаңа технология және инновациялармен танысып, өзекті мәселелердің шешімін іздейді. Шарада алғашқы қазақстандық платформа TopIQ электрондық оқулығының тұсауы кесілді.
Анель Баталова, “Алматыкітап баспасының” өкілі
- Халықаралық аренаға отандық өнімімізбен шыққанымызға қуаныштымыз. Бұдан да жоғары белестерді бағындырып, Қазақстанды жақсы қырынан таныта береміз деген үміттеміз.
TopIQ электронды оқулықтары Қазақстанда тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Әсіресе, пандемия кезінде. Оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар қауымы платформаны өте қолайлы деп отыр. Отандық стартап жобаны шетелдік сарапшылар да құптайды.
Ами Моял, сарапшы
- Ұсынған өнімдеріне қарап, жетістікке жетуге толық мүмкіндіктері бар дер едім.
Мироцлав Сиздын, сарапшы
- Меніңше, жоба cөзсіз табысты болады. Өйткені ол заман талабына жауап береді.
Баспа өкілдерін Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов қабылдап, әлемдік нарыққа бағыт алған жобаға сәттілік тіледі. Қонақтар елшілік кітапханасына жаңадан шыққан төл өнімін тарту етті.
Автор: Ғалымжан Қараманұлы