Оңтүстік Кореяда туристер ерекше саябақта демалды
Ашық аспан астында саябақта түнеу. Оңтүстік Кореяның Сунчон қаласында туристерге ерекше экологиялық демалыс ұсынылды. Туристер сондай-ақ кәріс халқының дәстүрлі үйлерін де көре алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оңтүстік Кореяда соңғы кезде туристер ауылда демалуды әдетке айналдырды. Ұлттық нақыштағы дәстүрлі үйлерді жалға алып, бабалар салтын үйренеді. XIV ғасырда пайда болған бұл ауыл туристердің арқасында сақталып тұр. Тұрғындарының 90%-і – зейнеткерлер. Жастары қалаға көшіп кеткен. Қазір ауылға кіру ақылы. Билет сатудан түскен табыстың бір бөлігі үй иелерінің шотына түседі.
На Хи Ген, Сунчон қ. Мәдениет және туризм бөлімінің маманы:
- Қазір мұнда 200 адам тұрады. Ауылды Оңтүстік Чолла провинциясы мен Сунчон қаласының әкімдігі басқарады. Тұрғындар егін шаруашылығымен айналысады, кейбірі үйлерін дәмханаға айналдырды, енді бірі баспананы жалға беріп отыр. Үйде барлық коммуникация қарастырылған.
Сунчон қаласына келген туристердің тағы бір танымал демалыс орны – халықаралық бақ көрмесінің аумағында салынған мына шатырлар. Мұна 1-2 адамдық орын бар. Билет құнына экологиялық таза көкініс пен жемістен жасалған тағамдар кіреді. Сонымен қатар көрме аумағында қайықпен жүруге, өзге елдердің павильондарын тегін аралауға мүмкіндік бар. Ауаны ластамау үшін көрме аумағында жол құрылысында тек таза құм пайдаланылды. Оның үстінен жалаң аяқ жүрсеңіз, қуат алып денсаулығынызды жақсартуға болады. Сондай-ақ саябақта йога мен жүкті әйелдер үшін тегін гимнастика сабақтары өтеді.
Чой Док Рим, көрме ұйымдастыру комитетінің өкілі:
- Екі орынды төсек пен жабдықталған 35 шатыр бар. Мейрамханада күніне 3 рет тамақ беріледі. Тамақты атақты аспаздар дайындайды. Мұның барлығы күніне шамамен 400 доллар тұрады.
Дәстүрлі уйлер мен шатырларда тұратын туристер корей сериалдары түсірілген павильондарды да тамашалай алады. Мұнда ондаған танымал картиналар жасалды. Кинопавильондар ашық аспан астындағы мұражай іспетті. Тарихи жәдігерлер арқылы 100 жыл бұрын адамдардың қалай өмір сүргенін байқайсыз. Сунчон билігі алдағы 7 айда өңірге 8 миллионға жуық турист келеді деп жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.