Тез-тез: Финляндия НАТО-ға қысқа уақытта мүше болып алды

Бұрыннан бейтараптық саясат ұстанып келген Финляндия енді Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымының толыққанды мүшесі.

Сарапшылардың сөзінше, ел билігінің мұндай шешім қабылдауына ең алдымен Украинадағы ахуал түрткі болған. Енді міне араға 10 ай салып, НАТО құрамындағы 31-мемлекеттің жалауы қазір Брюссельдегі штаб-пәтер алдында желбіреп тұр. Әліпбиге сәйкес, ол Эстония мен Франция тулары арасында орналасады.

Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:

- Бұл біз үшін тарихи сәт. Финляндия енді НАТО құрамында. Осының арқасында Фин елінің қауіпсіздігі артып, біздің Альянс одан әрі күшейе түседі. Біз тарихта тұңғыш рет НАТО штаб-пәтерінде Финляндия туын көтергелі тұрмыз.  

Жалпы былтыр Швеция мен Финляндия бір мезгілде НАТО-ға кіруге өтініш білдірген еді. Бірақ сол кезде Түркия шағым айтып, соңғы уақытқа дейін бұл елдердің де одаққа кіруіне тосқауыл қойып кетті. Ресми Анкара екі Скандинавия елін террорлық ұйым деп санайтын Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелерін, сондай-ақ 2016 жылы түрік жерінде төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деп айыпталып отырған Фетхуллах Гүленнің жақтастарын паналап отыр деп айыптады. Дегенмен, Түркия парламенті 30 наурызда Финляндияны НАТО-ға алу туралы хаттаманы мақұлдады. Хаттамаға бір де бір депутат қарсы дауыс берген жоқ. Түркия – әскери одаққа мүше 30 ел арасында Финляндияның НАТО-ға мүше болып кіруін соңғы мақұлдаған ел. 

Негізі осыдан бірер жыл бұрын ғана Финляндияда Альянс қатарына қосылу туралы мәселе мүлдем өзекті еместін. Бірақ былтыр халық арасында НАТО-ға мүше болуға қатысты қолдау күрт артты. Иле агенттігі жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2022 жылы мамырда НАТО-ға кіруді  финдердің 76 пайызы құп көрген. Бір қызығы, дәл осы жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 50 пайызға жетер-жетпес болатын.

БЛИЦ

Әйел:

- Керемет жаңалық деп ойлаймын. Финляндия мұны көп күтті. Бүгін айтулы күн десек те болады. Енді біздің қауіпсіздігіміз біршама күшейе түскендей.

Ер адам:

- Енді біз Батыс Еуропаның ажырамас бір бөлігіміз. Бұл қауымдастық айтарлықтай ірі болғандықтан, солтүстік атлантикалық альянстың мүшесі атанып отырмыз. Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні сөзсіз әрине.

Әйел:

Өте қуаныштымын. Түркияның кесірінен бұл күнге жете алмай қаламыз ба деп ойлаған едім. Өйткені олар өте баяу әрекет етті. Бірақ соған қарамастан НАТО-ға қосылатынымызға қауыныштымын. 

Ресей әскери әлеуетін арттырады

Қазір Финляндия Ресеймен арадағы шекарада қабырға тұрғызып жатыр. Ұзындығы 260 шақырымға жетуі мүмкін. Құрылысқа жүздеген миллион еуро бөлу көзделіп отыр. Нысан 4 жыл ішінде толық аяқталуы тиіс. Айта кетейін, Финляндия НАТО құрамына кіргеннен кейін альянс пен Ресей шекарасы 1300 шақырымға артты. Осыған байланысты ресми Мәскеу мәлімдеме жасады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, әскери блоктың кеңейюін ел қауіпсіздігіне қолсұғушылық деп бағалайды. Ал көрші елдің сыртқы істер министрлігі, алдағы уақытта мемлекет өзінің әскери әлеуетін арттыратынын жеткізді.

Цитата

Александр Грушко, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Әскери әлеуетімізді батыс және солтүстік-батыс бағытта нығайтамыз. НАТО күштері Финляндия аумағына орналастырылған жағдайда Ресейдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылданады.

Сөз соңында айтып кетер бір жайт, 1991 жылдан бері НАТО өз құрамына 15 елді мүшелікке қабылдады. Қазір оның құрамында 31 мемлекет бар. Көп ұзамай Швеция да қосылуы мүмкін. Бірақ әскери блокқа мүше елдер артқан сайын ұйымның жылдам шешім қабылдауы баяулап, мобильділігі төмендейтіні бар. Себебі әрбір маңызды қадам жасау үшін барлық мемлекеттің батасын алу керек. Ал ол ұзақ уақытты талап етеді. Соған қарамастан НАТО кеңейіп жатыр. Шығысқа қарай. Неге? Бірден бір себеп – геосаяси тепе-теңдікті сақтау, мүмкіндік болса, басымдықты арттыру. Алайда аталған альянстың Шығысқа қарай кеңеюі Ресейдің мүддесіне қарсы екені белгілі. Сондықтан бұл процесс тағы бір әскери жанжалға ұласып кетпесіне кім кепіл?