Италияда ChatGPT бұғатталды
Жасанды интеллект қауіпті ме? Кейінгі уақытта осы сұрақ көп қойылады.
Жаңа технология жиі жаңарып жатқан уақытта оның пайдасымен қатар қаупі туралы да ойлануға тура келеді. Бұл ретте кейбір елдер шектеу шараларын енгізген.
Кейінгі уақытта ChatGPT-дің танымалдығы айтарлықтай артып барады. Чат-бот өзі мәтін жазады, өлең шығарып, диалог жүргізе алады. Бірақ Италия билігі ондай технологияның әзірге бізге керегі жоқ деп отыр. Сөйтіп әлемде алғашқы болып оны бұғаттап тастады. Өйткені қолданушылардың жеке деректері заңсыз тарап кеткен. Бұл туралы өткен аптада белгілі болды. Осыдан кейін жергілікті билік чат-ботты пайдалануға шектеу қойып, жасап шығарушы америкалық компаниядан қауіпсздік жүйесін күшейтуді талап етті.
Жасанды интеллект қауіпті ме?
Ал Еурокомиссия өкілдері жасанды интеллект туралы заңнама қабылдау қеректігі туралы айтып отыр. Нейрожүйенің тез дамуына ғалымдар да адаңдаулы. Жақында бір топ ғалымдар мен кәсіпкерлер жасанды интеллект жүйелерін жетілдіруді кемі 6 айға тоқтатуды сұраған. Тиісті талап қойғандардың қатарында танымал америкалық миллиардар Илон Маск та бар. Айтуынша, бұл қоғамға қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, жалған ақпарат тарауы ықтимал. Тіпті адамнан асып түсетін жасанды сананың пайда болуы да ғажап емес дейді ғалымдар.
300 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Көбін алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Технологияның дамуына байланысты біраз адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген қауіп басым. Солардың қатарында журналист, бағдарламашы, есепші, заңгер секілді мамандықтар бар. Жақында америкалық Голдман Сакс банкі жүргізген сауалнамаға сәйкес, жасанды интеллект болашақта 300 миллион адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева