Түркі елдерінің БАҚ өкілдері Рамазан айында Ыстамбұлда бас қосты
Түркі елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Рамазан айында Ыстамбұлда бас қосып, шаһардың тарихымен танысты.
Әсіресе қазір Ораза уақытында көне қалада жүрген шетелдік турист көп.
Түркияның әлемге танымал «Истикляль» көшесі Ыстанбұлдың еуропалық бөлігінде орналасқан. Жаяу жүргіншілерге икемделген жолдар Алматының Арбатына ұқсайды. Бар болғаны бір жарым шақырымға созылған көшеде туристер аяғы бәсеңсімейді. Мысалы, «Таксим» алаңынан басталатын көшедегі ескі трамвай әлі күнге жолаушы тасымалдайды екен.
Илязбек Балташев, телеарна директоры, (Қырғызстан):
- Пандемияға дейін 100 мыңдай адам келіп жатқан болса, пандемия уақытында 50 мыңға дейін туристер саны қысқарған. Бұл Қырғызстаннан келген туристердің санын айтып жатырмын. Ең жоғарғы көрсеткіш 2022 жылы болып тұр. Қырғызстаннан Түркияға келген туристер саны 147 мыңға дейін өскен.
Қазақ елі сияқты Түркияда рухани құндылыққа басымдық беріледі. Мысалы, Ыстанбұл қаласында 3 мыңнан астам мешіт бар. Олардың арасында «Айя-София», «Таксим», «Сұлтанахмет» сынды тарихы терең ғимараттар бар. Жалпы, Түркия елінде 87 мың ғибадатхана бар екен. Рамазан айында мешіттерге келуші жергілікті тұрғындардан өзге туристер де көп.
Нигора Джураева, журналист (Өзбекстан):
- Ыстанбұлда тарихи орындар өте көп. Олардың осы күнге дейін сақталғаны адамзат үшін баға жетпес байлық. Қала көшелерінде өзіңді ескі заманға еніп кеткендей сезінесің. Ал «Истиклал» көшесінде әлі күнге дейін ескі қызыл трамвай жүреді.
Отандастарымыз мұнда турист болып қана келмейді. Түркияда қазір 8 мыңнан аса қазақстандық студент білім алады. Өйткені, түркі тілдес мемлекеттер арасындағы мәдени, экономикалық байланыс жоғары дамыған. Ыстанбұл қаласы 2010 жылы Еуропаның мәдени астанасы атанған болатын. Мұнда соңғы санақ бойынша 17 миллион адам тұрады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев