Сириялық босқын бала шахматтан Германия ұлттық құрамасының мүшесі атанды
11 жастағы сириялық босқын бала шахматтан Германия ұлттық құрамасының ең жас мүшесі атанды.
Жақын арада ол Хорватияда өтетін халықаралық турнирде неміс елінің намысын қорғайды.
Хуссейн Бесоу Сирияда бала кезінен атасы мен әкесінің шахмат ойынына қарап өсті.
4-ке келгенде өзі де үйреніп алды. Ата-анасы оның негізгі ойын дағдыларын жылдам игергенін айтады. Сөйтіп тағдыр тауқыметімен Германияға қоныс аударады. 5 жыл бойы жас шахматшы түрлі жарыстарға қатысып, шыңдалды.
Мұстафа Бесоу, Хусейннің әкесі:
- Хусейннің неміс командасының құрамына қосылғанын мақтан тұтамыз. Енді халықаралық жарыстарға қатысады. Біз Хусейнге де, неміс командасына да зор сәттілік тілейміз.
Хусейн әлемдік рейтингтегі 12 жасқа дейінгі жас санатында екінші орында тұр. Германияда ол балалар арасында 2 рет жеңімпаз атанды. Енді Хорватияға жол тартады.
Хусейн Бесоу, шахматшы:
- Маған шахмат ойғаған ұнайды. Бұл мен үшін математика сабағы сияқты. Негізі өзімнен жасы үлкен балалармен ойнап жүрмін. Маған қарағанда олардың тәжірибесі көптеу. Хорватияға бару - мен үшін керемет мүмкіндік. Бапкерім мені жақсы дайындады.
Андреас Куэлер, шахмат бойынша бапкер:
- Бір ойында жеңіп келе жатқан балаларға шахмат тақтасын теріс аударуға өтініш айтылды. Бірақ Хусейн мұны орындаудан бас тартты. Себебі ол жеңілгенді ұнатпайды. Әрқашан алда болғысы келеді.
Өрімдей жас болса да, Хусейн гроссмейстер атанып үлгерген. Бірақ үлкен спортқа қадам басқан оның отбасының қаржылық мүмкіндігі аз. Босқындарға берілетін жәрдемақыға күнкөретін ата-анасы ұлының жолсапарына кейде ақша таппай, қиналады. Осындайда олар жұрттан жылу сұрап кетеді.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Сандуғаш Байқуаныш