Иран билігі хиджаб кимеген қыз-келіншектерді анықтайтын камералар орнатып жатыр
Иран билігі қоғамдық орында хиджаб кимеген қыз-келіншектерді анықтайтын камералар орнатып жатыр.
Талапты бұзып, көзге түскен әйелдерге алдымен ескерту, артынан хабарлама беріледі. Сосын іс сотқа жолданады. Тек қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ әртүрлі сипаттағы іс-шаралар да бақылауға алынады. Тәртіпке көнбеген қожайындардың мекемені жабуға тура келуі мүмкін.
Әли Хаменеи, Иранның жоғары рухани көсемі:
- Хиджаб кию - шариғат заңы. Бұл шектеуді үкімет ойлап тапқан емес. Хиджаб кию - ұлтымыздың өркениетті негізінің бірі.
Алайда Иранда хиджаб киюден бас тартқан әйелдердің қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Мұнда ашық наразылық былтыр күзде басталған. Қыркүйекте 22 жастағы Махса Әминаны әдеп полициясы хиджаб кимегені үшін қамауға алады. Кейін ол түрмеде көз жұмады. Билік бас көтергендерді өлім жазасына кесіп, наразы топты аяусыз басып жатыр.