Израильде ереуілдер жалғасып жатыр

Израильде тағы да ереуіл өтті. Бұл осымен 15-ші апта қатарынан ұйымдастырылған наразылық акциясы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мына кадрлардан көрініп тұрғандай, көшеде ине шаншар жер жоқ. Бұл жолғы акцияға 400 мыңға жуық адам шыққан. Мұндай жаппай ереуілдердің өткізіліп келе жатқанына 3 айдай болды. Оған биліктің жоғарғы соттың өкілеттігін шектеуге бағытталған сот реформасы себеп. Қазір бұл инстанция заң шығарушы және атқарушы органдардың шешіміне әсер ете алады. Алайда Премьер-министр жүйені өзгертуге ниетті. Сонда басқарушы партия еш кедергісіз кез келген заңды қабылдай алады. Қарсы тарап бұл демократияға қайшы келеді дейді. Елде толқулар басылмағасын, билік реформаны уақытша тоқтатқан еді. 

Барак Данин, ереуіл қатысушысы:

- Реформаны уақытша тоқтатып қойды. Билік оппозициямен келіссөздер жүргіземіз дейді. Бірақ біз бұған сенбейміз. Премьер-министр сот жүйесін өзгерту шешімін кейін қарастырамын демей, одан толықтай бас тарту керек. Біздің талабымыз осы.