Еуроодақ жел энергиясы аккумуляторын Қытайдан алмай өзі шығарады

Солтүстік теңізге шығатын Еуропа елдері жел электр станциялары желісін құруға келісті.

Бельгияның Остенде қаласында өткен саммитте теңіз жағалауы мемлекеттерінің басшылары жасыл энергетиканы дамыту жайын талқылады.

Еуропадағы Солтүстік теңіз саммиті осымен екінші рет өтіп отыр. Алғашқы шара Данияның Эсьберг қаласында ұйымдастырылған еді. Оған Бельгия, Дания, Германия және Нидерланд қатысты. Бұл жолы 4 ел олар: Франция, Ұлыбритания, Норвегия, Ирландия және Люксембург қосылды. Қазір жел энергиясын өндіруге қажетті аккумуляторды Қытай шығарады. Енді Еуроодақ осы саланы дамытуға ден қоймақ. Бұл үшін қомақты қаржы бөлу көзделген.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Біз 2030 жылға таяу 130 гигаВатт, ал 2050 жылы 300 гигаВатт энергия өндіруге  күш слмақпыз. Осы уақытқа қарай желдің көмегімен Еуропада 300 миллион тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етпекпіз. Жобаға жекеменшік сектор да тартылып жатыр. Оған 120-дан аса ең үздік бірлестік қатысады.

Сарапшылар да Солтүстік теңіздегі жел энергетикасының әлеуеті жоғары деп отыр. Кездесуге қатысушылар салаға инвестиция құю күрделі екенін айтып, оны оңтайландыруға келісті. Бұл 2030 жылға таман Еуроодақтағы жаңғыртылатын энергия үлесін 40 пайызға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Франция бұл стратегияға 40 гигават таза энергияны өндірумен үлесін қосуды көздеп отыр. Бұл үшін алдағы 15 жылда 40 миллиард еуро инвестиция салмақпыз. Ел аумағында 20 мың жұмыс орыны ашылады.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша бұл жобада теңіз асты инфрақұрылымды қорғау маңызды. Одақ осы бағытта НАТО-мен бірлесіп арнайы бағдарламаны қолға алған.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Бұл өндірістік жоспарды жүзеге асыру бойынша біздің барлық ұсыныстарымыз қарастырылды. Біріншіден, бұл зиянды қалдықтарды шығармайтын өндірістер туралы заң. Ол таза технологиялар саласына оң ықпал етіп, инновацияға қолдау болады. Екіншіден, біздің электр энергиясы нарығына қатысты реформамыз жаңғыртылатын энергия көздерін қолдануды ынталандырады.

Еуропада оффшорлы жел электр станцияларына инвестициялар былтыр төмендеп, 10 жыл бұрынғы деңгейге түсті. Оған инфляция мен пайыздық мөлшерлемені көтеру және энергетика нарығындағы тұрақсыздық әсер етті. Сарапшылар Солтүстік теңіз саммиті салаға көп оң өзгеріс әкеледі деп үміттенеді. 

Дәурен Ақашұлы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов