Сеулде жаңа транзиттік жолдарды ашудың маңызы талқыланды
Сеулде Кореяның Орталық Азия елдерімен логистикалық ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Конференцияға қатысушылардың пікірінше, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда аймақ мемлекеттері жаңа транзиттік дәліздерді пайдалануы қажет. Экономистер Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға теміржол бағыттарын қосып, Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Сарапшылар Ақтау және Құрық теңіз порттарын пайдаланудың үлкен мүмкіндіктерін атап өтті.
Со Джон Вон, Корея көлік институты орталығының директоры:
- Орталық Азия елдерінде логистикалық тиімділіктің төмен деңгейі байқалады. Кореяда бұл деңгей жоғары. Тәжірибеміз көрсеткендей, жолдардың санын және олардың ұзындығын қанша арттырсақ та, ең бастысы, тауарларды кедендік рәсімдеу мен кедендік өңдеудің тиімділігі болса керек. Бұл жағынан Корея Орталық Азиямен ынтымақтаса алады.
Пак Джон Хо, Корея халықаралық экономикалық саясат институтының өкілі:
- Әлемнің геосаяси картасы өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері Батыстың санкциялық қысымына ұшыраған жоқ, бірақ олар халықаралық жағдайды ескеруі керек. Бұған қоса Ауғанстанда саяси тұрақтылық қашан орнайтынын ешкім білмейді. Сондықтан бүгін көп нәрсе Орталық Азия елдері басшыларының көшбасшылық қасиеттеріне байланысты болады деп ойлаймын.