АҚШ Федералды резерв жүйесі базалық проценттік мөлшерлемені көтерді

АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі базалық проценттік мөлшерлемені қайта көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – елде шарықтаған инфляциямен күресу үшін жасалған мәжбүрлі шара, - дейді жүйе басшысы Джером Пауэлл. Қазір үкімет тұтынушылық бағаны ұстап тұруға барынша күш салуда. Дегенмен елдегі ірі банктердің банкротқа ұшырауы ел экономикасын тығырыққа тіреді. Наурыз айында инфляция деңгейі 5%-ке тұрақтаған еді. Сарапшылар бұл көрсеткіш тағы өсуі мүмкін деп отыр.

Пауэлдің сөзінше, билік америкалық экономиканы рецессияға жеткізбеу үшін шұғыл қадамдар жасамақ. Дегенмен қазір бұл жағдай АҚШ инверсторлары арасында дүрбелең туғызып отырғаны рас.  

Джером Пауэлл, Федералды резерв жүйесінің басшысы:

- Қазір банк секторында бірқатар өзгерістер болып жатыр. Біз инфляцияны 2%-ке дейін түсіруге тырысамыз. Тұтынушылық бағаны өсірмеуге, тұрақты ұстап тұруға шаралар қабылдануда. Наурыз айында АҚШ экономикасы қиын кезеңге тап болды. Бірақ енді несие жүйесі тұрақталуы тиіс.