Өзбекстанда қазақтан шыққан хас батыр Ілияс Оразовтың есімі ұлықталды
Туып өскен өлкесінде баба ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.
Елді мекенге батыр есімі берілген. Мәңгілік мұрасы Жеңіс күнінде ғана емес, жыл бойы насихатталады.
1941 жылы кеңес әскері қатарына алынған Ілияс Оразов соғыстың соңғы сәттеріне дейін майдан шебінде жүрді. Әуелі атқыштар взводына командирлік еткен ол Дуней өзеніндегі ауыр шайқастардың бірінде рота тізгіндеді. Стратегиялық маңызды биіктікке шығып, жаудың бірнеше қарсы шабуылына тойтарыс берген. Жалаң қолмен де шайқасып, 5 бірдей басқыншының көзін жойды. Ал Кеңес Одағының батыры атағын Румыниядағы ерен ерлігі үшін иеленді.
Оңғар Қалтаев, ауыл тұрғыны:
- Бұл 10-15 сарбазымен сол биіктікте қалып кетеді. Сонда жау жақындап қалғанда рациямен өзінің координатын айтады. Сосын сол квадратқа артиллерия, катюша атады. Кейін 1 сағат атқылап барса, без единого выстрела, бәрі қырылып жатыр.
Оразов ауылында батырдың ескерткіші бар. Білім ошағының алаңында тұр. Жергілікті ауған соғысы ардагерлері мен әскерилер күтіп-баптайды. Ал мектеп музейінде суреттері сақталған.
Әбдурашид Хадримұхамедов аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы:
- Біздің ауданнан соғысқа 2200-ден астам адам аттанды. Бабаларымыз жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Бірнеше Кеңес Одағының батыры шықты. Соның бірі Оразов бабамыз. Ол біздің мақтанышымыз. Кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі етеміз.
Ең өкініштісі, Ілияс Оразовтың тікелей ұрпағы жоқ. Соғысқа аттанған бауыры да қайта оралмаған. Еске алу шарасына бір рудан тараған туыстары келді.
Әуесбек Мырзағұлов, І.Оразовтың туысы:
- Үшеу болған бұлар. Ілияс ағамыз әскери училищеде оқыды. Сол дақтан соғысқа кетті. Өктем аға редакцияда істеген. Хорезмде істеп, сол жақтан соғысқа аттанып, қайтыс боп кетті. Әпкесі біразға дейін осы жерде болды, кейін қайтыс боп кетті.
22 жыл өмір сүрген Ілияс Оразов соңында өшпес із қалдырды. Кеңес одағының батыры атанып, «Ленин» және «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тақты. Бейіті белгісіз. Қаза тапқан жері қайта жау қолына өтіп, сүйегі табылмады. Батыр есімі Ресейде де ұлықталып жүр. Бұрынғы Калинин, қазіргі Тверь облысындағы елді мекеннің бірі Оразов деп аталады.
Рауан Мыңбаев