Медицина қызметкерлері Тбилисидегі ғылыми-практикалық конференцияға жиналды
Медицина саласындағы ең күрделі проблемалардың бірі – жүрек-қан тамырлары аурулары, деп хабарлайды «Хабар 24».
Грузияда дәрігерлер осы мәселені талқыға салды.
Бұл – Тбилисидегі Жібек жолы елдері мамандарының халықаралық конференциясы. Мұндай жиын алғашқыда, яғни 6 жыл бұрын Қазақстанда өткен екен. Сол себепті біздің ел жиында маңызды рөл атқарды.
Жібек жолы елдерінің медицина қызметкерлері Тбилисидегі ғылыми-практикалық конференцияға жиналды. Баяндамалар мен талқылаулардың негізгі тақырыбы – жүрек ауруы және олардың алдын алу жұмыстары. Конференцияны ұйымдастырушы – Роин Реквава, дәрігер-кардиолог Қазақстанда 8 жыл жұмыс істеген, ол 2017 жылдан бастап Жібек жолы елдерінің жүрек ырғағы қоғамының басшысы қызметінде.
Роин Реквава, кардиолог, Жібек жолы елдерінің жүрек ырғағы қоғамының президенті:
- Жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп барады. Қазір адамдардың кенеттен қайтыс болуының басты себебі – осы. Әсіресе біздің елде, біздің өңірде жиі кездеседі. Соған байланысты біз кардиологтарды, аритмологтарды, невропатологтарды белгілі бір мәселелерді талқылау үшін және кардиологиядағы маңызды мәселелерді шешу үшін жинаймыз.
Конференцияда Испания, Германия, Сауд Арабиясы және Қазақстанның дәрігерлері баяндама жасады. Тәжірибе алмасу көптеген мәселелердің шешімін табуына сеп, - дейді мамандар.
Аян Әбдірахманов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Менің баяндамамның тақырыбы естен тану ауруына қатысты. Естен тануға әкелетін ең басты себеп жүрек қағысының нашарлауы болуы мүмкін. Бұл – өте кең таралған дерт. Енді естен тануды дұрыс емдеу үшін оның нақты себебін анықтау қажет.
Жібек жолы кардиологтары қоғамы Грузия, Армения, Әзербайжанды қосқанда, Орталық Азия мен Кавказдың 9 елін қамтиды. Қауымдастықта маңызды рөлге Қазақстан ие. Алдағы уақытқа осындай тағы 3 медициналық конференция жоспарланған, оның біреуі Қазақстанда өтуге тиіс.
Авторлары: Мақпал Сержанқызы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.