АҚШ-та қазақстандық студент қарақшылық шабуылға тойтарыс берді

АҚШ-та қазақстандық студентке қарақшылық шабуыл жасаған 3 күдіктінің бірі ұсталды.

Бұл туралы біздің Вашингтондағы тілшімізге сұхбат берген Олжас Қаныбек айтты. Енді ол жоғалған құжаттары мен заттарының табылатынына үміттеніп отыр. Араға бір ай жуықтағанда осы оқиғаны саралаған Олжас тапаншаға жалаң қол жауап беріп, көзсіз тәуекелге барғанын түсініп отыр.

Еліміздегі және шеттегі ақпарат құралдарында қазақстандық студенттің батылдығы тез тарады. Естеріңізде болса, Флорида штатындағы университтеттердің бірінде авиация саласында білім алып жатқан Олжас Қаныбекке қалада 3 қарақшы шабуыл жасайды. Кентау қаласында 3,5 жыл бокспен айналысқан Олжас бұзақыларға күтпеген тойтарыс береді. Тапанша кезегендеріне қарамай, біреуін алып ұрады. Кейін оқиға орынына келген жергілікті полиция да қазақ жігітінің қайсарлығына бас шайқайды. Бірақ Олжас етқызумен үлкен тәуекелге барғынын кейін түсінді. Өйткені қарақшының бірі пышақ салса немесе оқ атса, жағдай басқаша да болуы мүмкін еді.

Олжас Қаныбек, студент:

- Ол видео тек абай болыңдар, сақ болыңдар қауіпті деген мақсатта таралған болатын негізі. Егер ондай оқиғаға тап болсаңыздар, мен сияқты көзсіз батырлыққа барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі оқиға басқаша бітуі мүмкін.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Олжасқа сол маңдағы куәгер де бұзақылардан тартып алған тапаншаңды таста, қазір полиция келіп қалса, жағдай қиын болады деп ескертіп үлгереді. АҚШ-та суық қаруды көшеде ұстау тұрмақ, полиция көлігіңді тоқтатса, екі қолды рөлден жібермей отыру керек. Сондықтан қалай қарасыңыз да қауіпті еді.

Қазақстанның АҚШ-тағы Консулдық қызметі де мұндай жағдайда аса сақтық таныту керегін айтады. Өйткені Америкада жаппай оқ ату, суық қарумен жасалатын қылмыс жиі болады.

Жүсіп Орынбай, Консулдық бөлімнің басшысы:

- АҚШ-тағы қазақстандық азаматтарымызға қандай да бір оқиға орын алған жағдайда көзсіз батырлыққа салынбай, АҚШ-тың құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіну, Қазақстан консулдарымен байланысу және заң аясында әрекет ету өте маңызды.

Олжас Қаныбектің айтуынша, дәл осындай жағдай таяуда өзбек жігітерінің де басынан өткен. Алайда оның бірі оққа ұшқан екен. Сондықтан қарақшылық шабуылдан аман қалғанының өзін үлкен олжаға балап отыр Олжас.

Авторы: Нұрбек Бекен.