БАӘ-де жаһандық инвестициялық форум өтіп жатыр

Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шара Таяу Шығыстағы беделді платформа ретінде инвестициялық мүмкіндіктер ашуға ықпал етіп отыр.

Бұл – 12-і кездесу. 170 елден келген 12 мыңнан астам сарапшы үш күн бойы пікір алмасып, әріптестік орнату жолдарын келісіп алды. 

Әмірліктер әуелден экономикасын мұнайға, шикізатқа тәуелді еткісі келмейді. Әртараптандыру бағытын ұстанып және оған тікелей шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға ниетті. Сол үшін елдер арасындағы ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастарды, жаһандық мәселелерді тілге тиек ете отырып, елдерінің инвестициялық тартымды, тиімді тұстарын алға тартады.

Рашед Абдулкарим Әл Блуши, Абу-Даби Экономикалық даму департаменті хатшысының орынбасары:

- Үш күн, 600 спикер, 100 ге жуық диалогтың форум. Осы күндері түрлі идеялар айтылды, тәжірибе алмасып жатырмыз. Жеке сектордың мүмкіндіктерін кеңейтіп, сауда алмасу мүмкіндіктерін одан сайын жеңілдеткіміз келеді, соның инновациялық шешімдерін табу үшін жиналдық.

Сауатты экономикалық дипломатия арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанға араб әмірліктерінен 3 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйылған. Жуықтап алғанда оның 417 млн. доллары былтырғы жылы тартылған инвестициялық салымдар. Дәл қазір елімізде әмірлік инвесторларының қаражатына 10 ірі инвестициялық жоба іске асып жатыр.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- Инвестиция, әлбетте, экономикалар үшін ең мықты құрал. Алайда жылдар өте инвестиция салудың да философиясы өзгеріп келе жатыр. Кездесу тақырыбын инвестициялық парадигманың өзгерісі деп бастауы да содан шығып отыр. Былайша айтқанда, бұрын қаражатты пайда алу мақсатымен инвестициялайтын мүдделер, қазір табатын пайдасын емес, істің маңызына мән беретін болған.

Фабрицио Опертти, Даму банкінің интеграция және сауда секторының менеджері (АҚШ):

- Бұл нарықтың ойыншыларының принциптері пайдадан гөрі пайдалы болу деген ұғымға ауысып келе жатқанын көріп отырмыз. Инвестициялық нарық 2019- 2020 жылдардан бері осылай өзгеріс көріп келе жатыр.

Тафадзва Чинамо, Бағалы қағаздар және биржа комиссиясының бас директоры (Зимбабве):

- Біздің елде табиғи ресурстар бар. Алтын, сирек металдарымыз, хром тағы да басқалары, біз оларды шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде нарыққа шығарғымыз келеді. Сол үшін инвесторларды іздеп келдік.

Форум ұйымдастырушыларының айтуы бойынша, экономиканы әрсалалы қылудың арқасында Абу-Даби әмірлігінің өзі шикізаттық емес сектордың жыл сайын он пайыздан астам өсім беріп отыр. Бұл жолы да әлемнің әрқиырынан жиналған инвесторларлар  туризм және қонақжайлылық, ауыл шаруашылығы, энергетика, технология, инфрақұрылым, өндіріс, көлік және логистика, қаржы, денсаулық сақтау және білім беру саласына инвестиция салудың маңызды екенін айқындап тарқасты.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс