Венгриялықтар қытайлық зауыттың салынуына наразы

Венгрияда қытайлық компания электр көліктеріне арналған аккумуляторлар шығаратын зауыт салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

7 млрд 300 млн еуроға бағаланған бұл жоба ел экономикасына құйылған ең ірі шетелдік инвестиция болмақ. Алайда жергілікті тұрғындар бұған наразы. Елдің екінші ірі қаласы – Дебреценнің маңында зауыт салуға жер бөлінген екен. Азаматтар су мәселесіне алаңдайды. Себебі Ұлы венгр жазығына шөлдену қаупі төніп тұр. Климаттың өзгеруіне байланысты бұл жақта жаңбыр аз жауып, қуаңшылық жиі болып тұрады. Өткен жылы Венгрияда егістің 20%-і қурап кетті. Ал зауытқа күніне 40 мыңнан аса текше метр су қажет. Бұл бүкіл қала тұтынатын ауызсу мөлшерімен шамалас.

Ласло Лорант Керестеш, Венгрия парламенті тұрақты даму комитетінің төрағасы:

- Осында салып жатқан алып зауыттары орасан зор мөлшерде ауызсу мен электр қуатын тұтынады. Бұл іс жүзінде құрастыру зауыттары, пайдасын өздері көреді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтымайды, өз жұмысшыларын әкеледі. Қоршаған ортаны ластау қаупі де бар. Сондықтан қаламыз бен өңірімізге пайда әкелмейді. Оған қоса,Дебрецен қаласында су тапшы. Ал бұл зауыттарға өте көп мөлшерде су қажет.